Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың IX Қысқы Азия ойындарына арналған ресми спорттық формасын таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақ Азиада 2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді.
Ведомство жаңа форма халықаралық стандарттарға сай әзірленіп, ұлттық талаптар толық ескерілгенін хабарлады.
Негізгі түстер - қою көк пен ашық көк.
"Бұл түстер тұрақтылықты, тәуелсіздікті және жаңа белестерге ұмтылысты бейнелейді. Ақ түсті элементтер тазалықты және спорттағы әділдік қағидаттарын айқындайды. Дизайн мемлекеттік рәміздермен: елтаңба және тумен толықтырылған. Сонымен қатар форманың безендірілуінде QAZAQSTAN жазуы, 2025 жылғы IX Қысқы Азия ойындарының логотипі және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің эмблемасы бар. Форма заманауи технологиялармен жасалған жоғары сапалы материалдардан дайындалған. Спортшылардың жайлылығы үшін табиғи термореттеу қасиетіне ие маталар қолданылды. Сыртқы киім табиғи мамықпен жылытып, жеңіл әрі жылуды сақтайтын етіп жасалған. Спорттық кәстөмдерде суық жағдайларда да жылу сақтайтын жоғары технологиялық флис пайдаланылды", - деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Форма жиынтығына жылы күрте, желден қорғайтын кәстөм, жилет, спорттық және жаттығу киімдері, футболка, шорты, бас киімдер, спорттық аяқкиім және әртүрлі аксессуарлар кіреді.
IX Қысқы Азия ойындарына Азияның 32 елінен 1147 спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасы аясында 6 спорт түрі және 11 дисциплина бойынша 196 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!