Қайталанбас ерекше даусымен миллиондаған тыңдармандардың таңдайын қақтырған отандасымыз, талантты жас әнші Димаш Құдайбергенов қатысып жатқан Қытайдағы "I am a Singer" ән байқауы отандық телеарнадан таратылатын болды.
Бұл жөнінде "Хабар" агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында мәлім етті.
"Қазақ елі дарындарын қолдайды! "Хабар" агенттігі Димаш ұлын қолдайды! "Ештен кеш жақсы" дейді атам қазақ. Қытай тарапымен ұзаққа созылған қиын да күрделі келсісөздер артта қалды. Алла қаласа жаңа көктемгі маусымнан бастап “Хабар” арнасы ҚХР-да өтіп жатқан “I am а singer” жобасындағы Димаш Құдайберген қатысқан барлық шығарылымды отандық көрермен назарына ұсынатын болады. Қуан қазақ, қуан көрермен! Алға, Димаш!", - деп жазды Ринат Кертаев.
Естеріңізге сала кетейік, Димаш байқаудың 9-кезеңінде әлемдік хит "All by Myself" әнін орындап, 2-орынды иеленді.