Halyk Bank ғимаратында жұмыс істеген банк қызметі туралы кеңес беретін сыртқы компания қызметкері коронавирус жұқтырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі банктің PR-қызметіне сілтеме жасап.
"Банк ғимараттарының бірінде кеңес беру қызметімен айналысқан сыртқы ұйымның қызметкері COVID-19 коронавирусын жұқтырғанынан хабардар етуді жөн көрдік", - делінген Halyk Bank хабарламасында.
"Денсаулық сақтау министрлігінің әрекет ету алгоритміне сәйкес ауру, сондай-ақ онымен байланыста болған барлық қызметкер қазіргі уақытта оқшауланған, карантинде", - деп толықтырды банк.
"Банк клиенттер мен қызметкерлер денсаулығының барынша қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алды. Кеңселік үй-жайлар мен бөлімшелерді үнемі санитарлық өңдеу жүргізіледі. Банк бөлімшелері мен банкоматтар әдеттегі тәртіпте жұмыс істейді, барлық операция клиенттерге қолжетімді", - деп атап өтті Halyk Bank өкілдері.
Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырған 9 адам тіркелген: 2-еуі Нұр-Сұлтанда, 7-еуі Алматыда.
Бұған дейін Германиядан Алматыға ұшып келген 12 жастағы қыздан COVID-2019 вирусы табылған, сондай-ақ коронавирус жұқтырған Б. есімді алматылық жауапқа тартылды. Ол санитарлық қызмет жұмысына кедергі келтіріп, вирус жұқтырғаннан кейін онымен байланысқан азаматтардың мәліметтерін беруден әдейі бас тартқан. Әйел ҚР Қылмыстық кодекстің 304-бабында ("Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") қарастырылған қылмыс белгілері бойынша жауапқа тартылды.