Google өзінің модельдер желісіндегі ең қуатты жасанды интеллект жүйесі деп атаған Gemini 4 Carbon флагмандық нейрожелісін таныстырды. Жаңа модель автономды жұмыс істеуге, бағдарламалауға және киберқауіпсіздік міндеттерін орындауға бағытталған, деп хабарлайды Massaget.kz.
Компания мәліметінше, Gemini 4 Carbon бірнеше күн бойы күрделі инженерлік тапсырмаларды өздігінен орындай алады. Ол ауқымды кодтық базаларды талдап, қателердің себебін анықтайды, оларды түзетеді және сәтсіз әрекеттерден кейін жұмысын жалғастыра береді. Мұндай нәтижелер компанияның ішкі сынақтары барысында алынған.
Әзірлеушілер киберқауіпсіздікке ерекше назар аударған. Google мәліметінше, модель осалдықтарды анықтау бойынша SEC-bench Pro сынағында 88,2 пайыз, оларды пайдалану мүмкіндігін бағалайтын ExploitGym тестінде 54,8 пайыз және кодтағы қателерді түзетуге арналған CWE-bench сынағында 71 пайыз нәтиже көрсеткен.
Ішкі сынақтарда Carbon қауіпсіз код құрастыру көрсеткіші бойынша бұған дейінгі Gemini 4 Argon моделінен екі еседен астам басым түскен.
Google өкілдерінің айтуынша, жаңартылған Artificial Analysis Intelligence Index v5.0 рейтингінде модель 59 ұпай жинап, бірінші орынға шықты.
Gemini 4 Carbon моделіне қолжетімділік кезең-кезеңімен ашылады. Алдымен оны Fairwind бағдарламасы аясында іріктелген киберқауіпсіздік мамандары мен сенімді серіктестер пайдаланады. Кейін модель әзірлеушілерге, компанияларға және қарапайым қолданушыларға ұсынылады.
Компания дерегінше, API арқылы пайдалану құны кіріс токендерінің әрбір миллионына 2 долларды, ал шығыс токендерінің миллионына 10 долларды құрайды.
Google 1 қазанда Gemini 4 Argon ЖИ моделін таныстырған еді. Ол бағдарламалау тапсырмаларынан бөлек, графиктерді кәсіби деңгейде талдауға, ұзақ видеолардағы маңызды бөлшектерді анықтауға және бірнеше құжаттағы ақпарат негізінде әрекет етуге мүмкіндік берді. Ал 9 қазаннан бастап компания Gemini Pro-ға тегін қолжетімділікті шектеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!