Google Translate дыбыспен аудару қызметіне қазақ тілін енгізу жобасы өз жұмысын бастайды. Жоба Voice-to-Text технологиясы негізінде жүзеге асырылмақ.
Google Translate қызметіндегі қазақ тіліне және қазақ тілінен сөз немесе тіркестерді аудару бірнеше жыл бұрын іске қосылған болатын. Енді әлемге танымал қызмет Voice-to-Text технологиясы негізінде қазақ тіліндегі сөздердің айтылуын үйренбек. Ол үшін лингвисттер қазақ тіліндегі 150 мың сөз бен тіркесті Google базасына енгізеді.
«Бұл жобаны Google корпорациясына ұсынған кезімізде, алып IT компаниясының өкілдері аса қызығушылық таныта қоймаған еді. Себебі Қазақстан халқы салыстырмалы түрде аз. Сәйкесінше жаңа қызметті көп адам қолданбайды», - дейді «Beeline Казахстан» компаниясының корпоративті коммуникация бойынша директоры Алексей Бендзь Астанада өткен баспасөз жиынында.
«Beeline Казахстан» өкілінің айтуынша, америкалық корпорация көп өтпей жобаны жүзеге асыруға қажет бағдарлама құралын беріп, краудсорсинг жолымен жұмыс істеуге кеңес берген.
«Ұлттық аударма бюросы» қоры бұл жұмысты екі жылда бітіруді жоспарлап отыр. Жобаға 4 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Әзірге қаржы бөлгісі келетін филантроптар табылған жоқ.