Аты аңызға айналған GoPro экшн-камераларының жаңартылған нұсқасы жарыққа шықты. Жаңа өнім Hero4 Session атауына ие болып, әдеттегідей экстремалды демалу стиліне арналып жасалыпты.
Жаңартылған GoPro куб тәріздес, көлемі - 42×59×29 мм. Жаңа камераның салмағы азайып, екі микрофонмен жабдықталған. Микрофондар қозғалыс кезіндегі қарсы желдің дауысы сынды әртүрлі дыбыстарды реттей алады.
Камера суда ешқандай аксессуарсыз 10 метр тереңдікке дейін сапалы видео түсіре алады. Hero4 Session камерасының пластиктен жасалған қосалқы бөлшектері дыбыстың тұнық жазылуына көмектеседі. Бұл серферлер үшін өте қойлайлы болмақ.
Жаңартылған модельмен ескі нұсқаларының аксессуарларын қолдануға болады. Сондықтан, егер камераңызды жаңартқыңыз келсе, қосалқы бөлшектерге артық шығындалмайсыз.
Hero4 Session камерасы Bluetooth және Wi-Fi модульдерімен жабдықталған. Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде жаппай сатылымға шығатын жаңа экстрим девайсының бағасы 399,99 АҚШ доллары.