- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- GGG-ден троллинг: Головкин...
GGG-ден троллинг: Головкин қарсыластарын қалай әжуалаған?
Кеше қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альваресті әжуалаған еді. Үшінші жекпе-жектің промотуры аясында боксшылар Нью-Йоркте баспасөз мәслихатына қатысып, "Нью-Йорк Янкиз" бейсбол клубының матчінде қонақ болған. GGG матчты доп лақтырумен бастады. Ал кездесу алдында Канело екеуі стадионда көз арбасқан.
"Қатты сағынба, 17 қыркүйекте кездесеміз", - деп Головкин қарсыласына әзілдеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Головкиннің қарсыласын әжуалағаны бірінші рет емес. Massaget.kz қазақстандық боксшының қарсыласына айтқан келекелері туралы топтама жасады.
"VADA мақұлдаған"
Головкин Канелоны бұған дейін де келеке еткені бар. Қазақстандық боксшы 2019 жылы Альварес пен америкалық Дэниэл Джейкобс жекпе-жегін тамашалауға арнайы барған. Бірақ Головкинге кездесу ұнамапты. Ол жекпе-жек емес, спарринг болғанын айтып әзілдеген еді.
"Бүгін ерекше ештеңе көрмедім, тек жақсы спарринг-матч. Іш пыстырарлық болды. Жанкүйерлер одан да жақсы жекпе-жек көруге лайық", - деп ол пікірін бөліскен еді.
Головкиннің Канелоға қатысты тағы бір әзілі Желіде талқыланған еді. 2018 жылы Альварестің қанынан тыйым салынған препарат табылып, боксшы бірнеше айға спорттан шеттетілген болатын. Канелоның өзі бұзылған ет жегенін айтып ақталған еді.
Боксшылардың екінші кездесуі алдындағы медиа-тур кезінде GGG-дің командасы мексикалықты келеке еткен. Баспасөз мәслихатына келген қонақтарға түрлі тағам ұсынылған. Әр тамақтың қасында "VADA мақұлдаған" деген жазумен тақтайшалар тұрды.
"Альварестің атын "қорқақ" деп өзгерту керек"
Дәл сол 2018 жылы жылы Головкин америкалық Ванес Мартиросянды нокаутқа түсірген еді. GGG-дің кездесуден кейінгі әсерін промоутері Том Леффлер айтып берген.
"Головкин Канело 12 раунд бойы жасай алмаған соққыларын Ванес екі раундта жасай алғанын айтты", - деген еді Леффлер Villainfy Media-ға берген сұхбатында.
©instagram.com/gggboxing
Альварес үш жылдан бері Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуден бас тартып жүрген еді. Сондықтан GGG Канелоның атын өзгертуді ұсынған болатын.
"Сауль Альварес есімін "Амарилло" Альварес деп өзгертуі керек. Себебі ол менімен рингке үшінші рет шығудан қорқып жүр", - деп келтірді Головкиннің сөзін Tmz.com порталы.
Amarillo испан тілінен аударғанда "сары", "қорқақ" деген мағынаны білдіреді.
"Белбеуің әдемі екен"
GGG-ге бұрыннан жекпе-жек ұсынып, бірақ әлі жұдырықтаспаған қарсыласының бірі - ұлыбританиялық Билли Джо Сондерс. Боксшылар бірін-бірі жиі жекпе-жекке шақыратын. 2016 жылы Головкинде орта салмақтағы басты үш титул болған - WBA, IBF және WBC. Одан бөлек деңгейі жағынан бесінші ұйым саналатын IBO белбеуін де иеленген. Орта салмақта абсолют әлем чемпионы атану үшін бір ғана белбеу жетпей тұрды - Сондерстегі WBO титулы.
Сол кездері Сондерс сұхбаттарының бірінде "Головкин мені жекпе-жекке шақырған жоқ" деген еді. Головкиннің жауабы ұзақ күттірмеді. Кездесуге тікелей шақырмаса да, тұспалмен жеткізді. Сондерстің WBO титулымен түскен суретіне "Белбеуің әдемі екен" деп пікір қалдырған.
Головкиннің ирландиялық файтер Конор Макгрегорды да әжуалағаны бар. 2017 жылы Макгрегор америкалық Флойд Мейвезермен бокс ережесі бойынша жекпе-жек өткізген. Сол кезде Головкин Power 106 FM эфирінде сұхбат беріп, "Қазір әлемдегі ең тым артық бағаланған боксшы кім" деген сұраққа жауап берген.
"Дәл қазір - бұл Конор Макгрегор. Ол тамаша файтер, бірақ боксшы емес", - деп әзілдеген еді Головкин.
Айта кетейік, Головкин келесі жекпе-жегін 17 қыркүйекте Лас-Вегаста мексикалық Сауль Альвареске қарсы өткізеді.
Е. Төлеш