Шымкентте оқушыны алдаған алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полиция департаментінің киберпол қызметкерлері интернет алаяқтық жасаған ер адамды ұстады. Ол "Free Fire мобильді ойнының жетілдірілген аккаунтын сатамын" деп 2 миллион теңгеден аса қаражатты иемденген.
"6-сынып оқушысы ұсынысқа қызығып, күдіктінің нұсқауы бойынша анасының банк картасын суретке түсіріп, карта деректері мен аударым жасауға арналған кодты жолдаған. Шотында ақша жоғалғанын байқаған анасы полицияға жүгінді. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды", - деп жазылған хабарламада.
Полиция ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы жиі ескертіп отыруға кеңес берді. Бөгде адамдарға банк деректерін ешқашан айтпау керек.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова