FlyArystan-ның 9 жолаушысы чек талап еткені үшін Стамбулдан елге ұша алмай қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы сол 9 жолаушының бірі - журналист Әйгерім Таубай Facebook-тегі парақшасында жазды.
"FlyArystan 25 шілдеде Түркия уақыты бойынша 14:05-те ұшатын Стамбул-Түркістан бағытындағы ұшағына 9 адамды кіргізбей қойған соң, жаңа билет алуға тура келді. Бағасы — 230 мың тг. Бірнеше ай бұрын алған билетімнің құны 74 мың тг болатын.
Қолымдағы жүгімнің салмағы 5 келіден асып кеткен соң тіркеуде қосымша ақы төлеуге келіскен едік, бірақ Fly Arystan шетелде тек қолма-қол ақша алады екен. Қолма-қол ақша төлеп, түбіртек талап еткендерді ұшағына кіргізбей, ұшаққа тиелген жүгін шығарып тастады", - деп жазды ол.
Журналист FlyArystan-ның баспасөз қызметіне хабарласып, жағдайды түсіндірген.
"Баспасөз хатшысы FlyArystan Түркиядағы өкілінің сөзін былай келтірді: "Ол жолаушылар қолжүгіндегі артық салмақ үшін ақы төлеуден бас тартты. Сол себепті ұшаққа жіберілмеді" депті. Алайда видеода әуекомпания өкілінің ақша алғанын, чек сұраған кезде сөмкесінен 100 долларды шығарып кері бергенін, бұрылмай кетіп қалғанын анық көруге болады. Демек, компанияның айтып тұрған жауабы негізсіз, шындыққа жанаспайды. Осы жағдайға байланысты ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінен әуекомпанияның осы жағдайдағы әрекетін егжей-тегжей тексеруді, шетелдегі қызметкерінің әрекетінің дұрыс-бұрыстығын заңды құжат бойынша көрсетуді сұрадық. ЕӨтініш арқылы сауал жолдадық", - деп жазды ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!