FlyArystan әуекомпаниясының Ақтау - Шымкент рейсі Алматыға қонуға мәжбүр болды

6 cәуірде FlyArystan әуекомпаниясының 15:30-дағы Ақтау - Шымкент рейсі Алматыға қонуға мәжбүр болды. Әуекомпанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған Шымкент әуежайындағы ұшу-қону жолағында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары себеп болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл жағдайда рейстің кешігу себебі әуекомпанияның кесірінен болмады. Әуекомпания кінәсінің жоқтығына қарамастан, біз осы рейстің жолаушыларына сусындар мен ыстық тағамдар ұсындық", - делінген FlyArystan таратқан хабарламада. 

Кейінірек FlyArystan Шымкент әуежайы рейстерді қабылдай бастағанын хабарлады. Алматыда қонуға мәжбүр болған КС7578 Ақтау - Шымкент рейсінің Алматыдан ұшып шығуы үшін әуекомпания әуекемеде тиісті жұмыс жүргізуі қажет болған. Алайда бұл рәсімдер ұшақ борттан шығудан бас тартқан жолаушылардың кесірінен кешіккен.

"Алматыда қонуға мәжбүр болған КС7578 Ақтау - Шымкент рейсі қазіргі уақытта ұшуға дайындалып жатқанын және деструктив жолаушылармен болған жағдайдың шешілгенін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.

Кейін рейс Алматы уақыты бойынша Шымкентке 6 сәуірде сағат 23:02-де ұшып шыққан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!