- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- FlyArystan 12 жастағы...
FlyArystan 12 жастағы қызды әуежайда жалғыз қалдырып, рейске жібермей қойған
Қазақстандық әйел FlyArystan әуекомпаниясына шағымданып, жазба жариялады. Ол компания қызметкерлерінің шешімімен 12 жастағы қызы Астанадағы трансферде жалғыз қалғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Travel-ге сілтеме жасап.
Жазира есімді әйел Instagram-парақшасында балалары АҚШ-тан бір топ адаммен және жанында еріп жүрген тағы бір адаммен қайтып келе жатқанын айтып, жазба жариялаған. Жоспар бойынша балалар Астанада тоқтап, кейін Оралға қайтуы керек еді.
"FlyArystan менің баламды әуежайда қалдырып кетті. 2024 жылғы 20 шілдеде менің балаларым (егіз) Зере мен Зауре Америкадан үйге оралды. Бір топ балалармен және оларға жауапты адаммен бірге олар Астана арқылы Оралға транзитпен ұшты", - деді әйел.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әйелдің айтуынша, компания тіркеу кезінде Зәурені тіркеп, бірақ Зерені тіркемеген.
"Сонымен қатар, қызметкерлер балаларға жауапты адамға техникалық ақауларды жойғаннан кейін қызымды өздері отырғызамыз деп сендірген. Олар балаларға жауапты адамды алдап адастырды. Менің балаларымның құжаттарында бәрі дұрыс болды. Қызметкерлер шынымен бортта орын жеткіліксіз болғасын қызымды отырғызбай қойды ма? Ересек адам балалардан маңызды ма? Соның салдарынан ұшақ басқа балалармен Оралға ұшып кетті, ал менің қызым Зере Астана әуежайында жалғыз өзі қалып қойды!" – деп ашуланды ол.
Әйелдің айтуынша, соның салдарынан баласы елорда әуежайында балаларға жауапты адамның қарауынсыз жалғыз қалған.
Қыздың анасы ол кезде Оралда болған және баламен байланыста болып, бұл мәселені қашықтан шешуге тырысқан. Оның айтуынша, лоукостер әуекомпаниясының қызметкерлері оған баланы келесі күні ғана Астана – Орал рейсіне дейін қонақүйге орналастыруды ұсынған. Бұл ретте, Жазира қыздың заңды өкілі немесе сенімді адамы болмаса, қонақүйге тіркелуге болмайтынын, сондай-ақ, ол жерде болған кезде "қауіпсіздікке ешкім кепілдік бере алмайтыны" ескерілмегенін айтты.
Нәтижесінде әуекомпания қызметкерлері 12 жастағы қызды үйіне жалғыз өзін келесі күні басқа рейспен жіберген.
Бұл жазбаға желід қолданушылар түрлі пікір қалдырған.
"Бұл - ең алдымен балаларға жауапты адамның кінәсі! Баланы бейтаныс адамдарға қалай сеніп тапсыруға болады?!", "Сенім қорқынышқа айналды ма?! Балаларға жауапты адам қайда болды, қайда қарады?", - деп жазған олар.
Редакция бұл оқиғаға қатысты пікір алу үшін азаматтық авиация комитетіне, авиатасымалдаушының баспасөз қызметіне және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға жүгінді.
Әуекомпания жазба астына пікір қалдырып кеткен.
"Біз болған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұраймыз. Әуекомпания бұл жағдайда мұқият тексеріс жүргізеді және біз міндетті түрде жауап береміз және шаралар қабылдаймыз", - делінген тасымалдаушының хабарламасында.
Сондай-ақ, жазбаға балаларды сапарға алып жүруге жауапты болған компания пікір қалдырған.
"Әуекомпания қызметкерлері техникалық қателік кеткенін айтып, жауапты адамды гейтке баруды сұрады, олар баланы ұшаққа өздері алып баратынын айтқан. Балаларға жауапты адам олардың нұсқауларын орындап, гейтке барды. Отырғызу басталғанда бала келмеді, кейі әуекомпания қызметкерлері баланың ұшақ бортында екенін айтып сендірген", - дейді компания өкілі.
Балаларға жауапты адам баланың ұшақ бортында екеніне көз жеткізу үшін бортқа кірген.
"Алайда, тексеруден кейін бала жолаушылар арасында болмады. Балаларға жауапты адам ұшақ бортынан түсуге тырысқан. Алайда қауіпсіздік қызметі мен стюардессалар оған айыппұл салынатынын және жергілікті әуекомпаниялармен ұшуға тыйым салынатынын айтып қорқытып, шығуға мүмкіндік бермеген", - деді компания өкілдері.
Кейін әуекомпания өкілдері қыздың анасына хабарласып, бітімге келу үшін 4 миллион теңге ұсынған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек