- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Facebook жаңа қосымшасын...
Facebook жаңа қосымшасын іске қосты
Facebook суретті әлеуметтік желіге жарияламай-ақ жеке достарымен бөлісу мүмкіндігін беретін Moments қосымшасын ұсынды. Бұл туралы Re/code басылымы хабарлап отыр.
Moments қосымшасы қолданушы суретінің жалпы көрілімге шықпай, тек белгілі бір достарға таралуын қамтамасыз етеді. Компанияның әлеуметтік желідегі өнімдері үшін жауапты менеджері Уилл Рубеннің (Will Ruben) айтуынша, ғаламторда сурет алмасудың көптеген тәсілдері болғанымен, оның ешбірі жеке ақпараттың құныдылығын сақтай алмайды. Сондықтан Марк Цукерберг тобы осындай қосымша ұсынып отыр.
Аталған желі қолданушылары суреттерін бір альбомға жинап, достарына жібере алады. Ал барлық бөліскен суреттер әрбір тұтынушыға тиесілі Facebook желісінің онлайн жадында сақталады. Ол жерде тек достармен бөлісілген суреттер ғана сақталмақ. Ал жалпыға көрінетін фотоальбом бұрыңғы платформада қала береді.
Сонымен қатар, Moments косымшасы суреттегі достардың бетін анықтай алады. Ғаламтор сарапшыларының айтуынша, Facebook әлеуметтік желідегі фотоальбомдар мен сурет бөлісу жүйесінің нақты бағытын таба алған. Желінің алдағы уақытта бөлек фотохостинг ашуы да ықтималдан жоғары.
Ресми мәліметке орай, бүгінде жаңа қосымша App Store мен Google Play онлайн платформаларына шығарылды. Moments қосымшасы − Марк басқаратын компанияның әлеуметтік желіге қосалқы қосымшалар құрастырумен айналысатын Facebook Creative Labs жобасының еңбегі.
Айта кетсек, Facebook осыған дейін Messenger, Paper және Slingshot сынды қосалқы модульдерді ұсынған болатын. Әр қайсысының өз міндеті мен даму бағыты бар. Құрастырушылар жаңа қосымшаның да нәтижелі боларына сеніммен қарап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Facebook компаниясы Instagram фотосервисіне иелік етеді. Марк желіні 2012 жылдың сәуір айында 1 миллиард АҚШ долларына сатып алған болатын. Инстаграмда да суретті жеке бөлісу мүмкіндігі қаралған. Дегенмен, оның әзірге бір кеңістікте сақталатын онлайн платформасы жоқ.
Айта кетейік, әлеуметтік желілер арасында әлемде 9 орынды иемденетін ВКонтакте қызметі 2015 жылдың 23 мамырында ProjectX деп аталатын фотоқосымша ұсынды. Компанияның жетекші дизайнері Павел Шумаковтың айтуынша, ВКонтактедегі топтардың жылдам жаңартылуы жаңа жүктелген суреттерге шолу жасауға мүмкіндік бермейтін болған. Ал қазір іріктеу арқылы барлық суреттерді бақылауға болады.
Ж. Өрісбай