- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "FB - сила"....
"FB - сила". Биыл қызу талқыланып, Желі арқылы оң шешімін тапқан оқиғалар
Бүгінде әлеуметтік желінің ықпалы зор екені жасырын емес. Қандай да бір проблеманы әлеуметтік желідегі ортаға салсаңыз, белсенді қолданушылар оны қызу талқылап, проблема өз шешімін тауып жататын кездер де болады. Massaget.kz тілшісі биыл қызу талқыланып, Желі арқылы оң шешімін тапқан оқиғалар туралы баяндайды.
Түркістан облысындағы "полиция басшысының" қызметінен қуылуы
9 желтоқсанда заңгер Айгүл Орынбек Facebook-парақшасында видео бөлісті. Оның сөзінше, Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданында полиция басшысы жұмыста майка, шортымен жүріп, қызметкерлеріне күш көрсетіп тұрады екен. Одан бөлек, қызметкерлерінен ақша жинайтын болып шықты. Полиция басшысы деген ер адамның өтіп бара жатқан полицейді итеріп, күш көрсеткені де бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Бұл мәселені Facebook-қолданушылары қызу талқыға салды. Артынша заңгер "киллер полицейдің" үстінен Қылмыстық кодекстің 362-бабымен (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Айгүл Орынбектің бұл жазбасынан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен қысым көріп жүрген өзге де полицейлер жаза бастаған. Олар мұндай мәселе олардың да мекемесінде барын айтқан.
Проблеманы көтерген Айгүл Орынбек істі соңына жеткізді. Vera.kz сайтының мәліметінше, видеодағы бопсалағыш адам - Қазығұрт АПБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі болып шықты. Ол қызметтік тексерістен кейін жұмыстан босатылды.
Ескі көлігімен жол апатына түскен қарияға көлік сыйға берілді
Биыл тамызда ескі "Запорожец" көлігімен жол апатына түсіп, қайғырып тұрған қарияның видеосы Қазнетті жылатқан еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Павлодарлықтар қарияға бірден қаржылай көмек жинай бастады. Ал алаяқтар алдап кетпесін деген оймен еріктілер 85 жастағы қарияға банк картасын ашып берген.
Зейнеткердің сөзінше, ол расында жол апатында көлігі зардап шеккеніне көңілі босап кеткен. Артынша қарияға Семейден жаңа "Запорожец" көлігі сый ретінде жеткізілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Көлікті семейлік дәрігер Асылбек Андабаев сыйға берген болатын.
Жалғызбасты көпбалалы әкеге үй берілді
Бұл биыл қарашада Семей қаласында болған оқиға. Төрт баласын асыраймын деп ұрлыққа барған семейлік жалғызбасты әкенің оқиғасы Қазнетте қызу талқыланған болатын. Ер адам сотталып, кейін үкімнен кейін үйлі болды. Семейлік Серікжан Аманқұловтың екі қыз мен екі ұлы бар. Үлкені 1-сынып оқиды, ал кішісі - екі жаста. "Астана" телеарнасының мәліметінше, балалардың анасы кедейліктен шаршап, отбасын тастап кеткен.
Олар мүгедек ағасының және анасының зейнетақысына өмір сүрген. Жағдайы аса мәз болмағандықтан, ер адам аккумулятор ұрлаған. Бұл қылмысы үшін жауапқа тартылып, шартты түрде сотталды.
Пробация қызметінің қызметкерлері бұл мәселеге назар аударып, қайырымдылық жасайтын ұйымдар және еріктілермен бірігіп, көпбалалы ер адамға үш бөлмелі пәтер сыйлады. Тұрғын үй жабдықтап, несиені өтеуге көмектесіп, алдағы қажеттіліктерге жарты миллион теңге аударған болатын.
Қазақстандықтар танымал ресейліктердің елге келуіне қарсы болды
Ресей мен Украина арасындағы соғыс шоу бизнес әлеміне айтарлықтай әсер етті. Ресей саясатын қолдамайтын кейбір елдер олардың әртістерін еліне кіргізбей қойғандықтан біздің елімізді жағалайтын ресейлік шоу бизнес өкілдері көбейіп кеткен болатын. Соның дәлелі - биылдың өзінде елімізде танымал ресейліктер Қазақстанда концерт, тренинг өткізбек болған.
Ресейлік әншілер неге Қазақстанға үйір болып кетті?
Алайда биыл Қазақстанда cancel-мәдениетке ұшыраған ресейліктер саны көбейді. Мысалы қазақстандықтардың жаппай наразылығынан кейін ресейлік арнайы операцияны ашық қолдаған әнші Полина Гагаринаның келесі жылдың ақпанына жоспарланған Алматыдағы концерті өтпейтін болды.
Одан бөлек, халық наразы болған тағы бір жайт - ресейлік дінтанушы Шамиль Аляутдиновтың Астанадағы тренингке спикер ретінде келуі. Қазақстандықтар дінтанушының елге келмеуіне жабылып жүріп атсалысты. Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларына дінтанушының Ресейдің Украинадағы арнайы операциясын қолдауы ұнамаған. Қазақстандықтар Аляутдиновтың Instagram парақшасына шабуыл жасап, "фашист" деген сыңайдағы пікірлер қалдырған.
Шамиль Аляутдинов пен Алекс Лесли
"Барлық қазақ қызын сындырамыз" деп, қазақ қыздарын қалай арбау керегін үйретпек болған пикапер Алекс Леслидің мәлімдемесі қоғамда дүмпу туғызған еді. Желіде "келсе болды, аяқ-қолын сындырамыз" деген хабарламалар жазыла бастады. Алматы ІІМ Алекси Леслиге бір жылға келуге тыйым салуға мәжбүр болды. Алайда Алекс Лесли қазақстандықтарды одан бетер ызасын туғызатын мәлімдемелерді жариялауды жалғастырған болатын. Пикапердің елге келгені расталмады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина