Еуропалық Euronews ақпарат арнасы Алматының туристік мүмкіндіктеріне арналған материал жариялады. Онда қаланың таулы табиғаты, сәулет және өнер нысандары, көше мәдениеті мен ұлттық тағамдары қамтылған, деп хабарлайды Massaget.kz.
«Discovering Almaty: Mountain mornings, street art and market flavours» деп аталған мақала ағылшын, неміс және испан тілдерінде жарық көрген. Материал Yahoo Travel туристік платформасында да жарияланды.
Мақалада Алматыны аралауды таулы аймақтардан бастауды ұсынады. Жарияланымда Шымбұлаққа айрықша көңіл бөлініп, оның тек қысқы спорт орны емес, жыл бойы серуендеуге және табиғат аясында демалуға мүмкіндік беретін бағыт екені жазылған.
Қаланың мәдени келбеті де назарға алынған. Материалда Алматы ғимараттарында сақталған тарихи мозаикалар, Вознесенск кафедралды соборы және Almaty Museum of Arts музейі туралы мәлімет берілген. Музейде Қазақстан, Орталық Азия және өзге елдердің заманауи өнер туындылары қойылғаны атап өтіледі.
Euronews қаланың гастрономиялық ерекшеліктеріне тоқталып, Көк базарды жергілікті тағам мәдениетімен танысуға болатын орындардың бірі ретінде көрсеткен. Мұнда келушілер қазы, құрт, қымыз және басқа да дәстүрлі өнімдерден дәм тата алады.
Жарияланымда Алматыны Орталық Азияға сапар шегу жолындағы аялдама ретінде емес, бірнеше күн арнайы аралауға лайық дербес туристік бағыт ретінде ұсынады.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келген. Олардың 754 мыңын шетелдік қонақтар құраған. Шетелден келген туристер саны 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайызға өскен.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!