Euronews, CNN, BBC: Қазақстанға 400-ге жуық шетелдік БАҚ келді

Euronews, CNN, BBC: Қазақстанға 400-ге жуық шетелдік БАҚ келді
Фото: worldnomadgames.kz

Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан шамамен 400 шетелдік БАҚ хабар таратады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекциясы халықаралық жарысқа шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығы өте жоғары екенін атап өтті.

БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1185 өтінім келіп түсті. Мысалы, қазақстандық БАҚ-тан 815 өтінім, шетелдік БАҚ-тан 370 өтінім түскен. Оның ішінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жан-жақты насихаттау үшін 92 журналист және танымал блогерлер тіркелді. Олардың ішінде CNN, BBC, Euronews, CCTV, Rai, CBC TV, Balkan Trip TV, TRT Türk телеарналары, National Geographic, Agence-France Presse (Канада), Lonely Planet, Nikkei Asia және басқа да ірі басылымдардың өкілдері бар. Миллиондаған аудиториясы бар блогерлер де әлемдік жарысты насихаттаудан тыс қалған жоқ, - деді дирекция.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде "Қазмедиа" орталығында баспасөз орталығы жұмыс істейді (8 қыркүйек, сағат 16:00-ден бастап).

"Бұл орталықта ашылу салтанатынан тікелей эфир көрсетіледі. Әлемдік стандарттарға сай көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына БАҚ өкілдері қатыспайды. Ашылу салтанаты
8 қыркүйек күні 19:00-де басталады.

Сонымен қатар "Қазанат" ипподромында, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, "Алау" мұз айдынында және "Думан" кешенінде арнайы баспасөз орталықтары да жұмыс істейді. Этноауылда шағын пресс-орталық ретінде жабдықталған киіз үй де бар", - деді дирекция.

Айта кетейік, кеше V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінгені хабарланған еді.

Еске салайық, Көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында елордада өтеді. Оған 89 елден 2700-ге жуық спортшы қатысады. Олар 21 спорт түрінен бақ сынайды. 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы сапынан ел намысын 216 спортшы қорғайды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина