- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ethnotronica Almaty музыкалық...
Ethnotronica Almaty музыкалық шоуы өтеді
Ethnotronica Almaty музыкалық шоуының басталуына 2 күн қалды. 9 қыркүйек, сағат 19:00-де Республика сарайы алдындағы Абай алаңында екінші электрондық этникалық музыка фестивалі өтеді. Бұл жанрлардың ерекше, әрі батыл үйлесімі: жоба басқа көптеген фестивальдерден бірегей стилімен ерекшеленеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл Ethnotronica көрермендеріне жаңа эмоциялар сыйламақ. Олар сахнадағы музыкалық метаморфозаларға куә болады. Мәселен, көрермендердің көзайымына айналған мажар музыканты Жомбор Фехер қазақстандық DJ Edige-мен бірге өнер көрсетеді. Edige-нің шығармашалығы техно, перкуссия элементтері мен таяушығыстық әуендер үндестігімен ерекшеленеді. Жомбор өз елінің халық әуендерін шырқайтын сыбызғышы ретінде танымал.
"Біздің музыкамызда вокалдық орындау жоқ десе де болады, тек аспаптардың үнінен тұрады. Бірақ бұл музыкамызды тыңдаушыларымызға жеткізуге кедергі емес, олар нағыз сазды әуендерден ләззат алады. Меніңше, бұл негізгі қолданатын аспабымыз – сыбызғының арқасы, ол 50 000 жыл бұрын ойлап табылған ең көне музыкалық аспап. Сондықтан болар, сыбызғы бүкіл әлемдегі тыңдармандарымызға айрықша әсер етеді", - дейді музыкант.
Жомбор фестивальдерде гусарлардың мундирін киіп, өнер көрсететінін атап өткен жөн. Музыканттың мұндай 8 ерекше костюмі бар екен. Бәрі де арнайы тапсырыспен тігілген. Мундир – мажар әскерлері 18-ғасырда киген әскери киім, мундирден бірде-бір қылыш өтпеген. Оны сахнаға алғашқы болып америкалық майталман гитарашы Джимми Хендрикс киіп шыққан. Жомбор америкалықтың мажардың әскери киімін киіп шығуын мәртебе санап, Джиммидің жанкүйеріне айналған. Енді қазір музыканттың өзі сахнаға гусар мундирін киіп шығады.
Фестивальде Тәжікстан атынан этникалық памирлік, әнші Ситора Назарова өнер көрсетеді. Ол өмірінің басым бөлігін Қазақстанда тұрғандықтан, екі елдің де музыкалық мәдениетін бойына сіңірген. Сахнада ол қазақстандық Turan тобының мүшесі, қобызшы Мақсат Медеубекпен бірге өнер көрсетіп, қазақтың халық әні "Айбозымды" DJ Tim Dian-ның электрондық өңдеуімен шырқап береді.
"Менің сүйікті қалам - Алматы. Қайда кетсем де, қай қалаға барсам да, Алматыны сағынамын. Түрлі тілдерде, әсіресе, халық әндерін айтқанды жақсы көремін. Бағдарламамда 7 тілдегі әндер бар, ал "Этнотрониканың" арқасында репертуарыма тағы 2-3 тілдегі әндер қосылды. Жалпы, қазір 10 тілде халық әндерін орындаймын", - дейді Ситора.
Ал DJ Tim Dian-ның (Тимур Дианиди) музыка әлеміне келу хикаясы ерекше. Ол 4 жасынан бастап бір түсті қайта-қайта көрген. Түсінде оған белгісіз бір бейне келіп, содан кейін іштей музыканы еститін болыпты.
"11 жасқа толғанда сол эмоциялар мен энергияны дыбысқа айналдырмақшы болдым, бәрі өлең оқудан басталды. Ерекше түс 25 жасқа келіп, іштегіні дыбысқа түсіріп, музыкамен айналыса бастаған кезде тоқтады", - дейді DJ.
DJ Tim Dian-ның сан қырлы таланты бар, бір стильді ғана ұстанбайды. Ол бірден басқа стильге ауысып, "прогрессив", "дип" немесе "троп-хаус" болсын, түрлі бағыттағы музыканы орындай береді.
Алматылықтарға естен кетпес күзгі атмосфера сыйлауға Turan (Қазақстан), ABBOS (Өзбекстан), VRAM MINASYAN (Армения), BRANKO AND KAI (Қазақстан) мен DJ DUBTAZER (Израиль) топтары, сондай-ай, Tumar (Өзбекстан) мен ArtBallet (Қазақстан) би ұжымдары да атсалысады.
Қазақстандық көрерменнің көңілінен шығып, тәнті ететін кештің ерекшелігі – әртістердің барлығы орындайтын арнайы номер болмақ. Ол - атақты күй мен «Қара жорға» биі. Осы күзде бұл күй DJ Edige-нің сүйемелдеуімен өзгеше стильде ұсынылады.
Еске салсақ, фестиваль аумағында музыкадан бөлек, басқа да қызықты іс-шаралар ұйымдастырылады. Фестивальге келушілер VR-көзілдірік киіп, виртуалды әлемді аралайды, неон грим жасата алады, фудкорт пен қолөнершілер жәрмеңкесі де жұмыс жасайды.
Фестиваль Алматы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Серіктес - Jusan.kz. Ақпараттық серіктестер: RTS Decaux, Highway TV мен Creative City.
Кіру тегін!
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы