ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында стоматологиялық қызмет көрсету кезінде жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жеке стоматологиялық клиникалардың директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ-пен жалпы сомасы 450 млн теңгеден асатын медициналық қызметті сатып алу туралы шарт жасаған. Шарт талаптарына сәйкес клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуге міндеттелген. Алайда күдікті Damumed жүйесіне ортодонтиялық қызмет көрсетілгені туралы жалған мәлімет енгізуді ұйымдастырған.
ҚМА мәліметінше, науқастарға медициналық қызмет көрсетілмеген. Күдікті дәрігерлердің есеп жазбаларын, сондай-ақ, клиникаларға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған науқастардың жеке дерегін рұқсатсыз пайдаланған.
Осылайша ортодонтиялық көмек көрсетудің 4 597 расталмаған жағдайы анықталған. Келтірілген залал сомасы - 66 млн теңге.
Сот санкциясымен банк шоттарындағы 23 млн теңге көлеміндегі қаражатқа, сондай-ақ, құны 29 млн теңге болатын стоматологиялық жабдықтарға тыйым салынды.
Тергеу барысында күдікті 11 млн теңге көлемінде залалды өтеген. Оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!