ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев бүгінде су тасқынынан 10 мыңнан аса адам эвакуацияланғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінде су тасқынына байланысты полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Құтқару жұмысы мен су тасқынының алдын алуға ішкі істер органдарының 5 мыңнан аса қызметкері, 800-ге жуық техникасы (патрульдік көліктер, қызметтік автобустар, 2 тікұшақ) жұмылдырылған.
"Қазір 10 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Оның ішінде 200 адам тікұшақтың көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді. Қазақстандықтарды орналастыруға арналған 78 пункт ұйымдастырылды.
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарындағы 25 ауданда су тасқынынан зардап шеккен елді мекендер қоршауға алынды. Полиция қараусыз қалған 965 тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетіп жүр", - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен брифингте.
Бүгінде 93 жолда, оның ішінде республикалық маңызы бар 8 жолда көлік қозғалысы шектелген.
"3,5 мың көлік полицияның сүйемелдеуімен су басқан аймақтардан шығарылды. Сондай-ақ, патрульдік полиция экипаждары су басу қаупі бар ауылдардың тұрғындарына ескерту жасап, халықты хабардар етіп отыр", - деді ресми өкіл.
Ведомство өкілі тұрғындарды сақ болуға шақырды.
"Құрметті қазақстандықтар, ІІМ су тасқыны кезінде қойылған шектеулерге, ескертулерге түсіністікпен қарауға шақырады. Барлық шара тұрғындардың қауіпсіздігін, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, үйі мен мүліктерін сақтауға бағытталған", - деді Шыңғыс Алекешев.
Еске салайық, бұған дейін ТЖМ да су басқан өңірлерден 15 мыңнан аса адам эвакуацияланғанын айтқан еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!