- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Cу тасқыны: Атырау...
Cу тасқыны: Атырау облысында 45 мыңнан аса адам несие төлеуді шегеруге өтініш берген
Атырау облысының 45 мыңнан аса тұрғыны несие төлеуді шегеруге өтініш берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік басқармасы өкілдері мәлімдеді.
Агенттіктің Атырау қаласы бойынша басқармасының басшысы Асланбек Қабесовтың айтуынша, Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккен 45 739 мың тұрғынынан банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие төлеу мерзімін шегеру туралы өтініштер түскен.
Кейінге шегерілген несиелердің жалпы сомасы - 59 миллиард 795 миллион теңге.
"Жалпы Қазақстан бойынша несиені кейінге шегеруге 67 949 адамнан жалпы сомасы 87 миллиард 692 миллион теңгеге өтініш түсті. Су тасқынынан зардап шеккендерден өтініштерді қабылдау және өңдеу жалғасып жатыр", - деді Асланбек Қабесов.
Айта кетейік, 7 сәуірде Атырау облысында төтенше жағдай жарияланып, соған байланысты кейбір екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға несие төлеу мерзімін 3 айға шегеруге мүмкіндік берген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова