Алматы облысының полицейлері барымташылардың 7 тобын құрықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олардың 19 мал ұрлығына, оның ішінде 12 ауыр санаттағы қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
"Сәуірде Балқаш ауданы Береке ауылының тұрғыны төрт сиыр жоғалғаны туралы полицияға арызданды. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында шаруа қожалықтарының бірінің аумағында ұрланған сиырды сойып жатқан жерінде екі жергілікті тұрғын ұсталды. Күдіктілер қамауда. Олардың төрт мал ұрлығына қатысы бар екендігі дәлелденді. Қазір іс қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", – деді Балқаш аудандық полиция бастығының орынбасары Нұрлан Мұратұлы.
Өңір полицейлері қабылдаған шаралар нәтижесінде жыл басынан бері жалпы құны 55 миллион теңгеге жуық 95 мал өз иелеріне қайтарылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!