Covid-ке дейінгі және кейінгі балаларда айырмашылық бар - логопед

Логопед-дефектолог Қарлығаш Әбдірахманова Айгерім Сейфоллаға берген сұхбатында коронавирус балалардың денсаулығына қалай әсер еткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Коронавирус және балалардағы психикалық бұзылыстар

Маман коронавирус пандемиясынан кейін дүниеге келген балаларда психикалық бұзылыстар айқынырақ екенін айтты.

"Covid-ке дейін келетін балалар басқаша болды: жеңілдеу, психикалық бұзылысы айқын емес, жартылай түсінеді, жартылай сөйлейді, шамалы уақыт жұмыс істесек, баланың жағдайы жақсарып кететін. Ал сovid-тан кейін дүниеге келген балалармен жұмыс күрделі болып жатыр. Өйткені айқын психикалық бұзылыстар көп, тілі кеш шығып қана қоймай, ақыл-ой кемістігі көп. Ақыл-ой кемістігі деп айтпаймыз, зерде бұзылысы деп айтамыз. Жасы 4-5-ке келген бала өзін ол жастағы бала сияқты ұстамайды, бұл жерде олар кешігіп немесе артта қалып тұрған жоқ, дамуы тоқтап тұр", - дейді логопед.

Қазір неліктен аутист балалар көп?

Дәрігер аутизммен ауыратын балалардың көбеюіне көптеген фактор әсер ететінін айтты.

"Оған тек коронавирусты кінәлай алмаймыз. Коронавирус - факторлардың бірі. Одан бөлек, гаджеттер, аналардың денсаулығы, жүктілікке дайындалмау, дұрыс тамақтанбау, экология - бәрі әсер етеді. Нақты себебін айта алмаймыз. Десе де, жүктілікке дейінгі, жүктілік және жүктіліктен кейінгі кезеңге аса мән беру қажет", - дейді Қарлығаш Әбдірахманова.

Дефектолог балаға дұрыс маман қалай таңдау керегін түсіндірді.

"Қазір ақпарат көп. Қазіргі заманда аутист балалар сынақ алаңына айналды. Қазір кез келген маман иесі бір апталық немесе бір айлық курс оқып, сертификат алып, өзінің қызметін ұсына береді. Сондықтан сертификатына емес, дипломына қараңыз. Оны жақсылап зерттеңіз. Ол бұрыннан сол мамандықты оқыған маман болсын. Бұрын нутрициолог немесе массажист болып, бір ай бұрын басқа мамандықты оқып келген мамандар күмән тудыруы керек", - дейді ол.

Оқи отырыңыз: 2-3 жастағы бала не істей алуы керек? Қазақстандық логопед баланың дамуын бақылап тұруға кеңес берді

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз