"Cотталсам да Қазақстанға қайтқым келді" - Сириядан оралған әйелдің шындығы

"Cотталсам да Қазақстанға қайтқым келді" - Сириядан оралған әйелдің шындығы
Фото: Tengrinews.kz

Мадина (кейіпкердің есімі өзгертілді - авт.) өмірінің бірнеше жылын Сирияда өткізді. 2019 жылы "Жусан" бағдарламасы арқылы елге оралды. Қазір жаңа өмір бастап жатыр. Мәдина Massaget.kz тілшісіне Сирияға қалай барғанын, ондағы өмірін айтып берді.

"16 жасымда тұрмысқа шықтым"

- Мәдина, қай жақтың тумасысыз? Қайда оқыдыңыз?

- Балалық шағым Қарағанды облысында өтті, ол кезді керемет дей алмаймын. Бірақ ата-анам, бауырым мен сіңлім қасымда болды. Сурет салғанды ұнататынмын, үйде анама көмектесетінмін. 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Колледж, университетте оқымадым. 7-сыныптан кейін кешкі мектепке ауысып, сол жақта екі жыл оқыдым.

- Дінге қалай келдіңіз?

- Туыстарым намаз оқитын. Соларға қарап мен де намаз оқи бастадым. Кейін телефон, интернет дами бастаған кезең келді. Сол жақтан білім ала бастадым.

- Интернетте қандай білім алдыңыз?

- Интернетте кімдерден діни білім алғанымды нақты айта алмаймын, лектор өте көп болатын. Анадан бір, мынадан бір ақпарат алдым.

- Ал Сирияға қалай кеттіңіз?

- Бір күні Интернетте отырып, әйелдерді Сирияға шақырып жатқандарды көрдім. Ондайларды жиі көре бастадым. Сирияға барып, көмектесіп, күйеуге шығуға шақыратын. Әйелдер сонда баруға міндетті, әр мұсылманның міндеті деп айтылатын. Бар білімін интернеттен алып жүрген адам шынымен де, Сирияға бару міндетті екен деп ойлайды. Алла үшін Һижра жасау керек деген видеоларды көп көрдім. Сөйтіп, өз еркіммен, бірақ алданып Түркия арқылы Сирияға кетіп қалдым.

- Ақшаны қайдан алдыңыз?

- Жолға ақшаны болашақ күйеуім жіберді. Ол кезде бірінші күйеуіммен ажырасқан болатынмын. Жасым 26-да еді, 2012 жылы. Ал екінші күйеуіммен 2014 жылы "ВКонтакте" желісінде таныстым. Һижра жасап, басқа жаққа көшкісі келетіндерге арналған парақша бар еді. Соған кіріп 1-2 постқа лайк бастым. Кейін бір адам "Көшкіңіз келе ме? Мен көмектесе аламын" деп жазды.

- Негізі, Сирияға кету деген ой қайдан келді?

- Депрессияда жүрген уақытым еді. Бірінші күйеуіммен ажырасып кеткен кезім. Бұрынғы күйеуімнің туыстары қаладан кет деп қысым жасай бастады. Барар жерім болмады. Ата-анамның өз өмірі бар, олармен дінге қатысты келіспеушілігіміз болған еді. Хиджабыңды шеш деген болатын. Сөйтіп жүргенде "ВКонтактеде" әлгі бір ер адаммен таныстым. Ол Түркияға көш, ол жақта тегін медресе бар, жағдайы қиын әйелдерге көмектеседі, жабынып жүруіңізге болады, ешкім құқығыңызды таптамайды деді. Сондықтан барар жерім болмаған соң Түркияға ұшып кеттім. 

- Қорықпадыңыз ба? Бейтаныс адам, бейтаныс жер дегендей...

- Ол дінге енді келген кезім еді, Ислам татулық пен жақсылықтың діні дегенді оқығанмын. Сондықтан бәрі ол айтқан сияқты болады деп ойладым - тегін үй, әйелдер, балалармен бірге тұрамыз дегенге сендім. Түркияға барған соң ол "Әйел шариғат бойынша жалғыз жүрмеуі керек, кей жерде қиын болады" деді. Сөйтіп, екеуіміз үйлендік. Бір айдан кейін ол мені Сирияға алып келді.

- Шекарадан қалай өттіңіздер?

- Шынымды айтсам, шекарадан өтіп бара жатқанымызда не болғанын түсінбей қалдым. Неге жылдам жүгіру керек - білмеймін. Ол Түркияның басқа аулына көшіп бара жатқанымызды айтты. "Бұл қай ауыл?" деймін, себебі үйлер Түркияға ұқсамайды. Бір үйге келдік, іші бос, матрас, төсек-орын жоқ. Сөйтсек, Сирияда екенбіз. Шекарадан заңсыз өтіппіз. Ешқандай бақылау болмады, шекарашыларға ақша төлеп өткізген. Оның айтқан сөздеріне сене беріппін. Қазір ойлап отырсам, ақымақ болыппын. Ақпарат айтады - сене саламын, басқа жаққа көшеміз дейді - сене саламын. Қазақстанда ұлым қалып қойды, қасымда қызым болды. Сирияда екенімізді білгенде елге қайтар деп сұрадым. Түркияға балаларым медреседе оқуы үшін, пәтер үшін келгенімді айттым. "Сен не, ертегіге келдім деп ойладың ба?" деді. Медресе деп, соғысқа келіппін. "Біз, мұсылмандар, дінсіздерге қарсы соғысамыз. Олар шариғатқа бағынбайды" деді. 

"Ағаш кесіндісін, шөп жедік"

- Сириядағы өміріңіз қандай болды?

- Өте жаман. Бірінші жылы бомбалау аз болды. Екі, үш, төртінші жылдар өте қиын болды. Ешқандай аурухана жоқ, тамақ пен су жоқ, жуынуға керек нәрселер де болмады. Ағаш кесіндісін, шөп жедік. Қалай тірі қалғанымызды білмеймін. 

- Күйеуіңіз қазақ па?

- Ол ресейлік қазақ. Ол бұрыннан Сирияда тұрады екен. Баяғыда Һижра жасаймын деп Пәкістанға көшіп барған. Ол жақта әйелі, қызы бар. 

- Ол қазір қайда?

- Екеуіміз танысқаннан кейін 3,5 жылдан соң, яғни 2017 жылы 30 желтоқсанда әуе соққысы кезінде қаза тапты. Мен Сирияда жүргенімде қайтуға мүмкіндік іздедім. Ол жақта қызымнан бөлек тағы екі ұл дүниеге әкелдім. Күрттер шабуылдайды, біз жаяу басқа ауылға қашамыз. Көлікке отыруға мүмкіндік болса да, ол өте қауіпті. Себебі әуеден соққы жасалуы мүмкін.  

- Сирияда күйеуің болмаса қиын дегенді оқып едім...

- Өте қиын. Бірақ мен тағы да күйеуге шықпадым. Бірнеше адам ұсыныс жасады. Бірақ осы көргенім де жетер дедім. Күйеуім өте қатаң адам болды.

"Бізде соғыс жоқ деп айт"

- Күйеуіңіз қаза тапқаннан кейін Қазақстанға оралу жолын іздедіңіз ғой?

- Қазақстанға оралу жолын емес, тұтқынға түсудің жолын іздедім. Себебі Қазақстанға тікелей қайтудың жолы жоқ. 2018 жылы 2 ақпанда жаяу шығып кетіп, кешке күрттерге жеттік. Күрттер қарсы алып, тамақ, жататын жер, жылы киімдер берді. Ол жақтан бізді көлікпен босқындар лагеріне жеткізді. Ол жақта Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қытай, Корея, Франция мен Еуропаның басқа да елдерінен келген адамдар бар.

Ол жақта екі ай болдым. Қазақстанмен байланысқа шыға бастадым. Сыртқы істер министрлігі туыстарыма хабарласып, бізді елге алып келгісі келетінін айтқан. Қатты қуандым. Себебі Қазақстанға ораламыз деп ешқашан ойламадым. Сирияда әйтеуір бір күні шабуыл кезінде қаза боламыз деп ойлайтынмын. Себебі кез келген уақытта зымыранмен шабуыл жасалатын. Лагерьде Қазақстан өз тұрғындарын алып кетеді деген ақпарат шыққанда, басқа елдерден келгендер қатты қызықты. Бірақ мен сенбедім. Тек Қазақстан өкілдері ұшып келіп, сауалнама толтырып, тізім жасап жатқанда сендім. Бізді 2019 жылы 28 мамырда алып кетті. Тізім толтырып жатқан кезде мен тұтқындалатыным жазылып тұрды. Сондықтан Қазақстанға қайтпа дегендер болды. Бірақ мен қамалсам да, Қазақстанға қайтқым келді. Қате жібергенімді білдім.

- Не үшін тұтқындалдыңыз?

- Сирияға шақырғаным үшін. Бұрынғы қайын сіңліме жазып, Сирияда өмір күшті екенін айттым. Ол біз де барғымыз келіп жүр деді, мен мұнда үй мен жалақы беретінін жаздым. Бірақ мұның бәрі қысыммен жазылды. Күйеуім телефонын беріп, "Бізде соғыс жоқ деп айт, шақыр" деп айтып тұрды. Ал оны мен қазір дәлелдей алмаймын. Сондықтан Қазақстанға келген соң ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") бойынша 5 жылға сотталдым. 2,5 жыл түрмеде отырып, бостандыққа шықтым.

- Сириядағы өмір балаларыңыздың есінде әлі бар ма?

- Біз қайтқан кезде қызым 7-де, ұлым 2,5 жаста еді. Кенже ұлым емізетін жаста еді. Бәрі қызымның есінде. Бір нәрсе тарс етсе не көлік жанымыздан зулап өтсе шошып кетеді. Ол кезді ұмыту қиын болатын сияқты. Ал кішкентай ұлдарымның есінде жоқ.

- Сирияға жеткенде қателескенімді түсіндім дедіңіз. Салдарынан өміріңіздің төрт жылы соғыспен өтті. Сіздің қателігіңізді қайталамауы үшін оқырмандарға не айтасыз?

- Қандай да бір қадам жасау үшін асықпай ойлану керек. Дінге келгісі, намаз оқығысы келетін адамдар бар болса, мешітке барыңыз. Имаммен сөйлесіңіз. Бәрін түсіндіреді. Интернетте жалған ақпарат толып жатыр. Қазір адасып жүргендер көп. Менің қатемді қайталамаңыздар, осы әңгімем көмектеседі деп үміттенемін.


Фото: Tengrinews.kz

- Қазір немен айналысасыз?

- Қазір Діндерді зерттеу орталығында жұмыс істеймін. Маған бұл жақ ұнайды. Маңыздысы қарым-қатынас, маған түсіністікпен қарайды. Балаларыммен бірге Астанада тұрып жатырмын. Үлкен ұлым да қолымда. Бәрі мектепке, үйірмелерге барады. Үлкенім джи-джитсудан жарыстарға қатысып жүр. Өзім косметолог мамандығын оқып алғым келеді. Өмірім түзеліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш