Forbes журналының рейтингі бойынша 2018 жылдың ең қымбат брендтерінің арасында үздік алтыншы орынға иелік еткен әйгілі Coca-Cola компаниясы биыл алғаш рет алкогольді сусын шығарды. Lemon-Do деп аталатын ароматты газдалған сусын тек Жапонияда сатылымға шыққан. Бұл жайында компанияның жеке сайтында хабарланды. Жапонияның Кюсю аралдарындағы дүкен сөрелеріне шыққан Lemon-Do өнімі 3 түрлі пайыздық алкоголь көрсеткішімен сатылып жатыр. 3%, 5% және 7%-дық деңгеймен тұтынушыларға жол тартқан сусынның ыдысы 350 мл көлемде. Ал, бағасы $1.4 доллар. Компания бұл өнімді Күн шығыс елінің тек Кюсю аралдарында ғана сатылымға шығарып отыр. Сонымен қатар, әлемдік нарыққа енгізуге де асығыстық жоқ екенін алға тартады. Fortune басылымының хабарлауынша, Жапония Coca Cola өнімдерін тексеруден, тестілеуден өткізетін бірегей орын. Атаулы компания бұл мекенде жылына 100-ге жуық азық түрлерін сынақтан өткізеді. Соның ішінен, әлемдік нарыққа тек ондаған түрі ғана жол тартады. Естеріңізге сала кетейік, Coca-Cola дәл осы алкогольді сусындар шығару жайлы жоспарын алғаш рет 2017 жылдың наурыз айында хабарлаған еді. Біздің мақалаларды қолайлылық үшін енді Telegram-нан оқыңыз!