Chia Tai Tianging: шымкенттіктер қаржы пирамидасына 700 млн теңге салған

Chia Tai Tianging: шымкенттіктер қаржы пирамидасына 700 млн теңге салған
Фото: Тұрар Қазанғапов

Шымкентте 200-ден аса тұрғын Chia Tai Tianging қаржы пирамидасына 700 млн теңге салғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Chia Tai Tianging қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімше басшысына қатысты тергеуді аяқтады.

"Шымкент тұрғыны 2022 жылғы қарашамен 2023 жылғы сәуір аралығында аталған қаржы пирамидасының қаладағы филиалын басқарған. Ол 700 млн теңгеге материалдық залал келтіріп, қаржы пирамидасына 200-ден аса салымшыны тартқан", - деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.

Бүгінде күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. Агенттік қаржы пирамидасын құрғандар жауапқа тартылатынын ескертеді.

"Қаржы пирамидасын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын ескертеміз. Қазақстандықтарды қырағы болуға және ақшасын күмәнді қаржы ұйымына салмауға шақырамыз", - деп жазылған хабарламада.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz