Бразилияда 36 жастағы фермер ұсталды. OpenAI компаниясы оның ChatGPT-мен жазысқан хаттарын құқық қорғау органдарына бергені себеп болды. Ер адам шамамен екі ай бойы чатта 8 жастағы ұлын өлтіру ниетін талқылаған. Болжам бойынша, бұған алимент мәселесі себеп болған. Сондай-ақ, ол улы заттар туралы ақпарат іздеп, басқа адамдар мен полицейлерге шабуыл жасауды, кейін өз-өзіне қол жұмсауды жоспарлаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлады.
Тінту кезінде одан арқан мен ішінде белгісіз заттар бар ыдыстар табылған. Ер адам 54 күн қамауда болып, кейін босатылды. Қазір ол электрон білезік тағып жүр. Әзірге оған ресми айып тағылған жоқ.
Күдікті мен оның адвокаты чаттағы сөздер жай ғана "сандырақ" әрі эмоцияға берілген сәттегі әңгіме болғанын айтты. Олардың сөзінше, нақты қылмыс жасалмаған және оны жүзеге асыруға бағытталған нақты әрекеттер болмаған.
OpenAI тергеушілерге тек қолданушының жазған хабарламаларын берген, ал ChatGPT-тің жауаптары ұсынылмаған.
Заңгерлердің айтуынша, диалогтың толық мазмұнын көрмей тұрып, боттың қолданушыға қандай ықпал еткенін және әңгіменің қалай өрбігенін бағалау қиын.
Сонымен қатар, нақты қауіп пен жеке хат алмасуды жаппай бақылаудың ара-жігі қай тұстан өтетіні де өзекті мәселе болып отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz