OpenAI кескін жасауға арналған Images 2.6 моделін таныстырды. Жаңа нұсқаның басты ерекшелігі — ChatGPT арқылы GIF-анимация жасау мүмкіндігі, деп хабарлайды Massaget.kz.
Дайын анимацияны жеке терезеде ашып, ойнату жылдамдығын өзгертуге және өзгелермен бөлісуге болады.
Ол үшін ChatGPT-ден қысқа әрі қайталанып ойналатын анимация жасауды сұрау жеткілікті. Мәселен, кейіпкердің суретін жүктеп, оған қол бұлғату немесе қарапайым кескінді шағын қозғалысты көрініске айналдыруға болады.
Бұл мүмкіндік жарнамалық маскоттарды жандандыруға, мемдер мен әлеуметтік желілерге арналған реакциялар жасауға, сондай-ақ бейне түсірер алдында кейіпкерлер қозғалысының нобайын әзірлеуге жарайды.
Анимация жасалғаннан кейін оның ойнату жылдамдығын интерфейс арқылы өзгертуге болады. Алайда ChatGPT әзірге пайдаланушы жүктеген дайын GIF-файлдарды өңдей алмайды. Редакциялау мүмкіндігі тек сервистің өзі жасаған анимацияларға қолжетімді.
OpenAI мәліметінше, жаңа модель алдыңғы нұсқамен салыстырғанда кескіндерді шамамен 50 пайыз жылдам жасайды. Сонымен қатар бірнеше рет өңдеу барысында кейіпкерлердің сыртқы келбетін, тауар бөлшектерін және бренд элементтерін тұрақты сақтайды.
ChatGPT-ге референстерді сақтау мүмкіндігі де қосылды. Пайдаланушы жүктеген суретіне атау беріп сақтап, оны кейін басқа чаттарда қайта жүктемей-ақ пайдалана алады. Мысалы, үй жануарының суретін сақтап, кейін дәл сол жануар бейнеленген жаңа кескін жасауды сұрауға болады.
OpenAI API үшін модельдің екі нұсқасын шығарды:
GPT-Image-2.6 Flare — кескінді жылдам жасауға бағытталған;
GPT-Image-2.6 Sunburst — жоғары сапаға және өңдеу кезінде бөлшектерді тұрақты сақтауға арналған.
Әзірлеушілерге кескіннің белгілі бір бөлігін таңдап өңдеу, SVG форматында экспорттау және генерация күрделілігін реттеу құралдары да ұсынылды.
Images 2.6 моделі ChatGPT пен Codex-тің барлық тарифінде қолжетімді. Flare және Sunburst нұсқаларын API арқылы пайдалануға болады.