Сенат депутаты Нурия Ниязова балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысын көтеруді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жетім балаларға арналған үйлерде жұмыс істейтін педагогтар түрлі сырқаты бар балаларға тәрбие беріп, білім берумен айналысады.
"Алайда бұл мұғалімдер жалақыны көтеруді реттейтін Үкімет қаулысына енгізілмеген. Сондай-ақ онда денсаулық сақтау және балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтар да енбеген", - деді Нурия Ниязова премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сенатор осыдан бір жыл бұрын осы мәселе көтерілгенін еске салды.
"Онда мектеп мұғалімдерімен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен, оның ішінде орталық жүйке жүйесі органикалық зақымданған, ақыл-ойы мен дене бітімінде кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысын да теңдей көтеруді сұраған болатын. Олар логопедтер, психологтар, тәрбиешілер, әдіскер-педагогтар, монтессори мұғалімдері, музыка мұғалімдері және тағы басқа. Үкімет ол кезде осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр деп жауап берген еді. Алайда, бір жыл өтті, ал мұғалімдердің жалақысы еш көтерілген жоқ", - деді Нурия Ниязова.
Ол осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы әлі көтерілмегенін, салдарынан осы мекемелердегі жоғары білікті кадрлар жұмыстан кетіп жатқанын айтты.
"Осыған байланысты тиісті министрліктерге атқарылған жұмыс туралы, оның ішінде азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде әзірленген тиісті зерттеулер туралы ақпарат беруді сұраймыз. Сондай-ақ ана мен баланы қорғау саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдары, жұмыспен қамту орталықтары мамандарының әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеру үшін "Педагог мәртебесі туралы" заңға енгізу жөніндегі жұмыстар туралы да ақпарат керек", - деді депутат.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз