Қарағанды облысында CVK қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушы сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Схема қалай жүзеге асқан?
Жобаға қатысушыларға құны 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен ақша салу ұсынылған. Есесіне оларға күн сайын табыс түсетіні, жаңа салымшыларды тартқаны үшін қосымша бонустар берілетіні уәде етілген.
Алайда виртуалды дүкендердегі тауарлар іс жүзінде болмаған, ал табыс табу жаңа қатысушыларды тартуға және олардың ақша салуына тәуелді болған. Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасымен OKX платформасы арқылы электрон әмияндарға аударылған.
Сот үкімі
Жедел іс-шаралар нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактив бұғатталды, бұл 212 млн теңгеге тең. Сот үкімімен цифрлық активтер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Ал ұйымдастырушы мүлкі тәркілене отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Үкім заңды күшіне енді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова