Танымал қазақстандық Telegram-чаттарда COVID-19-ға қарсы вакциналар ұйқыға әсер ететіні туралы ақпарат тарады. Олардың айтуынша, вакцинацияланғандар біртүрлі түстер көреді екен, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
COVID-19-ға қатысты ерекше, жарқын және сюрреалист түстер туралы хабарламалар пандемия басталғанда, вакциналар әзірленбеген кезде шыққан. Адамдар бұрын түсінде көрмеген қорқынышты және түсініксіз сюжеттер көретінін айтқан.
Мамандар мұны стреспен және мазасыздықтың артуымен байланыстырды. Ерекше түстер туралы ақпарат 11 қыркүйектегі терактіден кейін және басқа да маңызды және қайғылы тарихи оқиғалардан соң көп таралды.
COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін де біртүрлі түстер көрдік дегендер бар. Алайда препаратқа болған осындай реакция туралы айтқан барлық пациент мұндай түсті бір-екі рет қана көрген.
Ұйқы мамандарының айтуынша, бұл реакция вакцинацияға иммунның жауабымен байланысты. Біз ауырған кезде ағзада T-жасушалары қалыптасады. Олар вирустармен күресуге және ауыр аурулардан қорғауға көмектеседі. Бұл жасушаларды өндіру процесі көп энергияны қажет етеді. Демек, олар ағзада түзілгенде, адамның ұйқысы келуі мүмкін. Ояну әдеттегіден қиындау болады. Ұйқы неғұрлым ұзақ болса, REM фазалары соғұрлым көп болады. Демек, адам көп түс көреді. Ал егер осы кезде дене температурасы көтерілсе, ал Т-жасушаларын өндіру кезінде олай болуы әбден мүмкін, онда жарқын және оғаш түстерді көру ықтималдығы артады.
Адамдар түс көретін ұйқының REM фазасына бірқатар антигистамин препараттар да әсер етеді. Мамандардың айтуынша, вакциналардан немесе дәрі-дәрмектен болатын ерекше түстер ұзаққа созылмайды. Әдетте, адамдар оларды препаратты қабылдағаннан кейін бір-екі рет қана көреді.
Мұндай әсерді ғалымдар қауіпсіз деп санайды және бұл адам ағзасына ешқандай зиян келтірмейді. Ұзақ мерзімді перспективада COVID-19-ға қарсы вакцинация ұйқыға және оның сапасына әсер етпейді.
Демек, таралған ақпарат - манипуляция. Адамдар вакцинациядан кейін біртүрлі түстер көруі мүмкін, бірақ бір-екі рет қана. Бұл әсер қауіпсіз және иммунға байланысты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!