COVID-19-ға қарсы вакцинадан 20 миллион адам қайтыс болғаны рас па?

COVID-19-ға қарсы вакцинадан 20 миллион адам қайтыс болғаны рас па?
Фото: elements.envato.com

Telegram-да әлемде COVID-19-ға қарсы вакцинадан 20 миллион адам қайтыс болғаны, вакцина салдырғандардың екі миллиарды мүгедек болып қалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Басылым мәліметінше, бұл хабарлама авторы - патологоанатом Роджер Ходкинсон. Ол бұған дейін де COVID-19 туралы ақпараттар таратқан. 

Доктор Ходкинсон өзі айтқан статистиканы растайтын дәлелдер немесе сілтемелер көрсетпейді. Оның үстіне, ол айтқан көрсеткіш тым көп. Оның айтуынша, әлемде 20 миллион вакцина алған адам қайтыс болған. Бұл қазіргі Қазақстан халқының санынан да көп.

Мұндай деректі жасыру өте қиын. Ресми дереккөздерде вакцина салдарынан жиырма миллион адамның көз жұмғанына ешқандай дәлел жоқ. Ұлыбритания мен Уэльстегі ашық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың аяғында 15 адам қайтыс болған. Оның себептерінің бірі вакцинаға жағымсыз реакция болған. 

Вакцинацияланған 20 миллион адам қайтыс болды деген ақпаратқа сенетін болсақ, 2022 жылы бүкіл әлемде өлім-жітім көрсеткіші жоғары болуы керек еді. Алайда ондай жағдай тіркелмеген. Керісінше, биыл өлім-жітім 2021 және 2020 жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді

Екі миллиард адамда жанама әсер ауыр түрде жүріп, вакцинация салдарынан мүгедек болды деген мәлімдеме де нақты деректерге қайшы келеді. ДДСҰ мәліметтері бойынша, 2021 жылғы 24 қарашада әлемде мүмкіндігі шектеулі бір миллиардқа жуық адам болған. Яғни, доктор Ходкинсонның сөзіне сенсек, ақпарат шыққаннан бері он бір айдың ішінде әлемде мүгедектер саны үш есеге өсуі керек еді. Бірақ мұндай жағдай болған жоқ. Демек, доктор Ходскинсонның сөздері жалған. Ол айтқан деректер ресми статистикаға қайшы келеді және негізсіз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова