4 сәуірдегі эпидемиологиялық ахуал бойынша Қазақстанда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 531-ге жетті. Жазылып шыққандар – 36, қайтыс болғандар – 5.
3 сәуірде инфекция жұқтырғандар саны 464 болған еді. 4 сәуірдің 22:45-тегі дерегіне сай кешеден бері 67 адамның инфекция жұқтырғаны анықталып, 7 адам аурудан айыққан. 2 адам қайтыс болды.
Қайтыс болғандардың бірі – Түркістан облысының тұрғыны. 64 жастағы марқұм Жетісай қаласында тұрған. Наурыз айының ортасында Алматы облысының Қарасай ауданында қонақта болып, 15 наурызда үйіне оралған.
26 наурызда дене қызуы көтеріліп, дәрігерлерге көрінген. Үш күннен кейін жағдайы нашарлаған соң инфекциялық ауруханаға жатқызылып, анализ тапсырған. Науқастың инфекция жұқтырғаны анықталған.
Жергілікті денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, науқастың диагнозында қант диабеті, қан қысымы болған. Ол "Алматыда болғанын дәрігерлерден жасырған" дейді басқарма өкілдері. Онымен байланыста болған 25 адам анықталды.
Қайтыс болған екінші адам – Ақмола облысының тұрғыны. Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сүлен Ілиясов онлайн-брифингте 73 жастағы ер адамға коронавирус диагнозы қайтыс болған соң қойылғанын айтты. Марқұм Целиноград ауданынан. Бұған дейін дисциркуляторлы энцефалопатия, қысым көтерілу сынды дерттермен дәрігер есебінде болған.
"2 сәуірде қайтыс болды. Марқұмның мәйітіне Нұр-Сұлтанда сот-медициналық сараптама жасалды. Сол кезде қан анализінен Covid-19 табылды", - деді Ілиясов.
Денсаулық сақтау басқарамасының хабарлауынша, қайтыс болған адаммен байланыста болған адамдар оқшауланған.
4 сәуірдегі өңірлер бойынша эпидемиологиялық ахуал мынадай:
Инфекция жұқтырғаны расталған жағдай: 531
Жазылып шыққандар: 36
Қайтыс болғандар: 5