Компьютер бөлшектерін дамытумен айналысатын Razer компаниясы Лас-Вегасте өтіп жатқан техно гаджеттер көрмесіне Oculus Rift виртуалды көзілдірігінің аналогын алып келді. Расында екі өнімнің техникалық құрылымы өте ұқсас. Дегенмен, Razer компаниясының бас директоры Минь-Лян Тян Марк Цукербергпен бір нарықта бәсекелеспейтінін айтады.
Razer өнімі болашақта Facebook-ке тиесілі Rift компаниясының кешенді дамуына қолдау білдіретін болады. Open Source Virtual Reality (OSVR) атауын иемденген көзілдірік небәрі $200 бағада сатылымға шығып, Oculus Rift виртуалды көзілдірігінің кем-кетігін жабады деп көзделуде.
«Біз осы салада еңбек етіп келе жатқан компаниялардың жетекші технологияларын пайдаланып, жылдам әрі сапалы өнім шығаруына демеу боламыз. Оларға қажет негізгі платформаны қалыптастыруға атсалысамыз», - дейді Тян.
Бас директор мұнымен Oculus немесе Sony инженерлерінің өнімдерін бір ортаға біріктіретін арнайы платформаның болатынын айтып отыр. Дегенмен, дербес жүйесі мен өнімі бар алып компаниялардың стартаптың жолымен жүруі екіталай.
Razer виртуалды шындықтың көзілдірігі болатын Oculus Rift аналогын шығарғаны рас. Бірақ компания мұны негізге алып отырған жоқ. Минь-Лян Тян командасы OSVR құрылымын жеке платформада қол жетімді етіп қойған. Нақтырақ айтсақ, кез келген құрастырушы өзіне қажет техникалық ақпаратын электронды кеңістіктен ала алады.
OSVR көзілдірігінің техникалық мінездемесіне келер болсақ, құрылғы жаңа оптикалық линза, 5,5-дюймді дисплей, компас және акселерометр модульдерімен қамданған. Бірақ Oculus DK2 гаджетінде бар бағдар көрсететін камералар Razer аппаратында жоқ.
Өнімнің сатылымға шығу күні әзірге белгісіз. Дегенмен көрмеде таныстырылған әрбір аппарат ағымдағы жылдың екінші жартысына дейін нарықта көрінуі тиіс.
Сурет: www.theverge.com