Brent маркалы мұнай бағасы өсті

Brent маркалы мұнай бағасы өсті
Фото: Коллаж: depositphoto

Әлемде Brent маркалы мұнай бағасы 1,6%-ға, WTI 1,7%-ға қымбаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Brent маркалы мұнай фьючерстері барреліне 74,28 доллар болды. АҚШ-тың West Texas Intermediate (WTI) мұнайы барреліне 70,70 долларды құрады.

"Қара алтын нарығында баға өсуінің негізгі себебі - ОПЕК+ желтоқсан айындағы өндіріс жоспарын өсіру туралы шешімді екінші рет кейінге қалдырды. Атап айтқанда, жексенбіде мұнай экспорттаушы елдер ұйымы, сондай-ақ Ресей және басқа одақтастар кіретін ОПЕК+ мұнай өндіруді тәулігіне 2,2 миллион баррельге қысқарту туралы шешімі тағы бір айға ұзаратын болды. Бұған дейінгі келісім бойынша өндірісті тәулігіне 180 000 баррельге дейін арттыру жоспарланған еді.

Қаңтар айына дейінгі жағдай өзгермесе де, ОПЕК+ қара алтын нарығындағы стратегиясын қайта қарауы мүмкін. Алдағы айларда тәулігіне 2,2 миллион баррель өндіріс қысқаруы мүмкін, ал тағы 3,66 миллион баррель өндірісті қысқарту 2025 жылдың соңына дейін іске асады", - деді ING сарапшылары.

Айта кетерлігі, Brent және WTI мұнайы өткен аптада шамамен 4%-ға төмендеген болатын. Оған АҚШ-тың рекордтық деңгейдегі мұнай өндірісі себеп болды. Бұған қоса, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың ушыға түсуі де кері ықпал еткен болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

E. Aitkazina