Boeing дыбыстан да жылдам ұшақ құрастырмақ

Boeing дыбыстан да жылдам ұшақ құрастырмақ
Фото: TVA Nouvelles

Boeing сағатына 6 мың километрге ұшуға қуатты, Нью-Йорк пен Лондон арасын небәрі екі сағатта ұшып өтуге қауқарлы гипердыбыстық жолаушылар ұшағын құрастыруды жоспарлап отыр.

Дизайнерлердің хабарлауынша, концептуалды ұшақ дыбыстан 5 есе жылдамырақ ұша алатын болады. Америкалық әуе компаниясы осы аптада жобасын ұсынған концептуалды реактивті ұшақ дыбыстың жылдамдығынан 5 есе жылдам. Яғни, шамамен секундына 1700 метр ұшады деп күтілуде. Бұл жылдамдық Атлантиканы 120 минуттың ішінде, Тынық мұхитын 3 сағаттың ішінде ұшып өтуге мүмкіндік бермек.

Бүгінде Лондон мен Нью-Йорк арасында ұшу 6 сағат 45 минутқа созылса, бұл ұшақ дәл соы қашықтықты 2 сағатта ұшып өте алатын болады.

«Әлемнің бір түкпірінен екінші бұрышына барғыңыз келсе, ең алдымен бұған қанша уақыт кететінін ойланамыз. Ал саяхатшы мен әскерилер үшін бұл тіптен маңызды. Сондықтан аталған жоба барлығына пайдалы болады деп ойлаймыз», дейді Boeing компаниясының бас ғалымы Кевин Боукт. Дегенмен ғалымның айтуынша, мұндай ұшақты құрастыруға ұзақ уақыт керек.

Boeing өкілдері ұшақ 2030 жылға қарай толығымен дайын болады деп отыр. Мамандардың айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін 10 жыл уақыт керек.

Baq.kz 

Н. Үсенова