Қазақстандық BilimClass білім беру платформасы кибершабуылға ұшырады. Бұл туралы платформаның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жарияланған мәліметке сәйкес, білім беру платформасына 29 қарашада сағат 01:09-да кибершабуыл жасалған.
"Қазір біз үшін ең маңыздысы – оқушылардың, ата-аналар мен педагогтердің деректерін қорғау. Мамандарымыз қажет шараларды қолға алып, кибершабуылдың платформа жұмысына қалай әсер еткенін анықтап жатыр", – деп хабарлады ұйым өкілдері.
Платформа өкілдері туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
"Жақын арада BilimClass-тың ресми арналарында қосымша ақпарат жариялаймыз", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын қазақстандық мұғалімдер BilimClass электрон жүйесінің жұмысындағы ақауға шағымданған еді. Олардың айтуынша, платформада бір тоқсан бойы берілген үй тапсырмалары жоғалып кеткен, ал кейбір пайдаланушылар жүйеге кіре алмай қалған. Сол кезде платформа өкілдері 27 қарашада техникалық ақау болғанын хабарлаған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!