BilimClass-қа жасалған кибершабуыл: мектеп пәндерінің атауы өзгертілген

BilimClass-қа жасалған кибершабуыл: мектеп пәндерінің атауы өзгертілген
Фото: depositphotos.com

Қазақстандық BilimClass білім беру платформасына жасалған кибершабуыл кезінде белгісіз біреу бірнеше оқу пәнінің атауын өзгертіп жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Компанияның мәліметінше, қазір платформаның жұмысы қалпына келтірілді.

"Сағат 09:00-дегі тексеру нәтижесіне сәйкес, кибершабуыл кезінде қаскөй мәтін аудару қызметіне қол жеткізіп, кейбір оқу пәндерінің атауын өзгерткен. Оның әрекеті дереу тоқтатылды", – делінген компания таратқан мәлімдемеде.

BilimClass мамандары платформаға кірудің уақытша шектелуі пайдаланушылардың деректеріне әсер етпегенін және олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Қазір тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Компания оның нәтижелері туралы қосымша хабарлайтынын жеткізді.

Threads әлеуметтік желісінен алынған скриншот

"Барлық пайдаланушымыздан кешірім сұраймыз. Сіздердің алдарыңыздағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. BilimClass платформасын қауіпсіз әрі қолайлы пайдалана алуларыңыз – біз үшін басты міндет", – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Еске салайық, бүгін қазақстандық BilimClass білім беру платформасына кибершабуыл жасалғаны белгілі болды.

Анықтама: BilimClass – мұғалімдер электрон журнал жүргізетін, баға қоятын және үй тапсырмасын беретін білім беру платформасы. Ал оқушылар мен ата-аналар жүйе арқылы оқу үлгерімін, сабақ кестесін және берілген тапсырмаларды көре алады.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын қазақстандық мұғалімдер BilimClass электрон жүйесінің жұмысындағы ақауға шағымданған еді. Олардың айтуынша, платформада бір тоқсан бойы берілген үй тапсырмалары жоғалып кеткен, ал кейбір пайдаланушылар жүйеге кіре алмай қалған. Сол кезде платформа өкілдері 27 қарашада техникалық ақау болғанын хабарлаған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget