2019 жылы Алматыда Bek Air ұшағы апатқа ұшырады. Түрксіб ауданының соты осы оқиғаға қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот екі ұшқышты да кінәлі деп таныды, бірақ олар қайтыс болғандықтан жаза қолданылмаған.
"Марат Мұратбаев пен Мейіржан Молдақұлов ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын, бірақ олар қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмайды", - деді судья.
Мемлекет 1,7 миллион теңге мөлшеріндегі іс жүргізу шығынын өтейді.
Bek Air мүлкіне қойылған тыйым азаматтық талап-арыз қаралғанша күшінде қалады. Талап-арыздың жалпы сомасы - 4,8 миллиард теңге.
Bek Air әуекомпаниясының ұшағы 2019 жылы 27 желтоқсанда апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ Алматыдан Нұр-Сұлтанға (сол кездегі атауы - еск.) бағыт алған еді, бірақ әуеге көтерілгеннен кейін бірден биіктікті жоғалтқан. Кейін қоршауды бұзып өтіп, әуежай маңындағы екі қабатты ғимаратқа соғылған болатын.
Бортта 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болды. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!