Azerbaijan Airlines Қазаннан Бакуге рейсті тоқтатты

Azerbaijan Airlines Қазаннан Бакуге рейсті тоқтатты
Фото: depositphotos.com/ Boarding2Now

Azerbaijan Airlines компаниясы Қазаннан Бакуге рейсті тоқтатты. Мұны Қазан әуежайының онлайн таблосының деректері дәлелдейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұшақ 28 желтоқсанда сағат 23:15-те ұшуы керек еді. Кейін рейс 30 желтоқсанға ауыстырылды, содан кейін мүлдем тоқтатылды.

InKazan сайтының мәліметінше, мұндай шешім Embraer 190 ұшағы апатқа ұшырауының алдын ала тергеу нәтижелеріне және ықтимал қауіпке байланысты қабылданған. Тоқтатылған рейстің жолаушылары билеттерді айырбастай алады немесе қайтара алады.

Айта кетейік, 27 желтоқсанда Azerbaijan Airlines компаниясы Бакуден мына қалаларға ұшпайтынын хабарлады: Минералды сулар; Сочи; Волгоград; Уфа; Самара.

25 желтоқсанда AZAL компаниясы Бакуден Грозныйға және Махачкалаға ұшуды тоқтату туралы шешім қабылдады.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова