Astana Rich Village-ге қатысты алаяқтық: Жаңаөзенде азаматтар қыруар қаржысынан айырылды

Маңғыстау облысында "Өзен көлік құрастыру зауыты" ЖШС басшылығына қатысты азаматтардың қаражатын үлескерлік құрылыс ретінде заңсыз тарту дерегі бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Екі жыл бойы компания басшылығы Жаңаөзенде Astana Rich Village тұрғын үй кешенінің құрылысын қажет рұқсат құжаттарынсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, мемлекеттік сараптама мен авторлық қадағалаусыз жүргізген. Күдіктілер түрлі интернет ресурста пәтерлер нарықтан төмен бағамен сатылатыны туралы жарнама жариялаған.

Жәбірленушілер туралы

Нәтижесінде 23 азаматпен арада жалған алдын-ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Заңсыз тартылған қаражаттың жалпы көлемі 303 млн теңгеден асқан.

"Күдіктілер түскен ақшаға құрылыс материалдарын сатып алғандай көрініс жасап, кәсіпорын кассасынан қолма-қол ақшаға айналдырып, шын мәнінде жеке қажетіне жұмсаған. Тұрғын үй құрылысы аяқталмаған", - деп жазылған хабарламада.

Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі мүлікке, соның ішінде тұрғын үй, пәтер, 2 көлік және 3 жер учаскесіне тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!