iPhone смартфонын күнделікті қуаттаудан шаршадыңыз ба? Бұл мәселені Apple инженерлері де шешуге тырысып келеді. Смартфонның белсенді жұмыс уақытын арттыру – қазіргі нарықтағы басты сұраныс.
АҚШ-тың тауар белгісі мен патенттеріне жауапты департаментінің хабарлауынша, Apple қуаттау мәселесін шешуге тағы бір қадам жасады. Ресми ақпаратқа орай, iPhone дисплейінде жабық күн батареяларының технологиясы орнатылады. Бұл енді шығарылатын смартфондардың тікелей Күннен қуат алуын қамтамасыз етпек.
Мұндай технология iPhone смартфонының белсенді жұмыс уақытын айтарлықтай ұзарта алады. Бұл әсіресе күн шуақты елдерде ұтымды болмақ.
Apple болашақта патенттелген технологиясын iPad планшеттеріне де қолдануы мүмкін. Себебі планшеттің дисплейі үлкен болатындықтан, оның қуат алу мүмкіндігі сәйкесінше көбейеді. Ал бұл технологияның толығымен қолданысқа енуіне кем дегенде бірнеше жыл кетеді.