Уильям Скотт және Сьюзанн Шмидт Филлипс есімді АҚШ азаматтары Apple корпорациясына қарсы сотқа шағым түсірді. Арызда жаңа iPhone смартфондары iOS 9 платформасына ауысқаннан бері ғаламтор трафигінің шығыны айтарлықтай өскені жазылған.
Бұл «Wi-Fi арқылы көмек» («Помощь с Wi-Fi») функциясына қатысты болып отыр. Apple жаңа функцияның үстемелі қызметі туралы қолданушыларын хабардар етпеген. Нәтижесінде купертинолық компания мобильді интернет арқасында бүгінге дейін 5 миллион АҚШ доллары көлемінде табысқа кенелген.
Қолданушылардың айтуынша, жаңа платформамен қосылған «Wi-Fi арқылы көмек» функциясы өзімен-өзі қосылып кетеді. Нақтырақ айтар болсақ, iOS 9 аймақтағы Wi-Fi қуатын салыстырып, қолданушының растауынсыз ең жылдам нұсқасын қосады. Тұтынушылар жылдам ғаламторға қуанғанымен, оның қанша ақы тұратынын білмей келген.
Бұл мәселе осыған дейін де көтерілген болатын. Әртүрлі шағымдар көбейіп кеткендіктен, Apple корпорациясы ресми сайтында «Wi-Fi арқылы көмек» функциясын қолдану туралы толық мәлімет жариялады. Дегенмен бұл мәлімет жарық көргенге дейін миллиондаған iPhone қолданушысы интернет трафигіне артық ақы төлеп келген.
Аталған функцияны өшіру үшін баптаудағы «Ұялы байланыс» (Сотовая связь) бөлімінде «Wi-Fi арқылы көмек» функциясын өшіру батырмасы бар. Осы баптауды өзгерту арқылы, артық ақша жұмсамайтын боласыз.