Apple-дің алғашқы смарт-сағатының сатылым деңгейі дәл бүгінде біршама төмендеп қалса да, компанияның ең сәтті сатылған өнімі атанып отыр. Бұл туралы сарапшы мамандар мәлімдеді, - деп жазады CNN.
Global Equities Research сараптамалық агенттігінің мәліметіне орай, Apple құрастырушылары бүгінге дейін 2,5 миллион смарт-сағатты жеткізуге дайындап, тағы 7 миллион дана тапсырыс алған. Сандық көрсеткіштер есебінен «ақылды» сағат iPod, iPhone және iPad өнімдерінің сатылымдық көрсеткішінен асып түскен.
Салыстыру үшін агенттік мынадай статистиканы ұсынады: 2001 жылы алғашқы кварталдық сатылымда 125 мың дана iPod нарыққа шығарылған болса, алты жылдан кейін жаппай сатылымға шыққан iPhone смартфонына деген кварталдық сұраныс 1,1 миллион данаға жеткен. Ал 2010 жылы iPad нарығының бірінші кварталында 3,3 миллион планшет сатылады.
Бұл смарт-сағаттың сапалы гаджет екенін дәлелдей ме, әлде бренд атының танымалдығының көрсеткіші ме? Расында екі фактор да бірдей әсер етті деп айтуға болады. Себебі қазіргі қоғам Apple логотибімен шығатын кез келген өнімді сатып алуға дайын. Одан бөлек, осыған дейін «ақылды» сағаттың сапасын анықтайтын бірнеше краш-тестті назарларыңызға ұсынған болатынбыз.
Естеріңізге сала кетсек, Apple Watch алғаш рет өткен жылдың күзінде ресми таныстырылған болатын. Ал жаппай салытымға ағымдағы жылдың сәуір айынан шыға бастады. Сатылымның алғашқы екі сағатында қолда бар гаджеттердің барлығы сатылып кеткен еді. Кейін компания басшылары әдеттегідей құрастыру барысын жылдамдатып жіберді.