Aport Mall-ға “жарылғыш зат“ қойылғаны туралы ақпарат тарады

Aport Mall-ға “жарылғыш зат“ қойылғаны туралы ақпарат тарады
Фото: 2gis.kz

Aport Mall сауда орталығынан адамдарды эвакуациялап жатқаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқырмандар Алматы мен оның іргесіндегі ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірі Aport Mall-дан адамдарды эвакуациялап жатқанын хабарлады. Болжам бойынша, сауда орталығына "бомба қойылған".

Алматы облысының полициясы сағат 15:45-те өңірдегі төтенше жағдайлар департаментіне Aport Mall сауда ойын-сауық орталығына жарылғыш зат қойылғаны туралы жасырын хабарлама түскенін хабарлады.

"Ғимаратта жүрген 3500-ден астам адам дереу эвакуацияланды. Оқиға орнына саперлер, кинологтар және басқа да мамандар барып, тегіс қарап шықты. Тексеру сағат 19:20-да аяқталды, ақпарат расталмады", - деп хабарлады полиция.
 

Террорлық акт туралы жалған хабар тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аноним тұлғаны анықтау және ұстау үшін жедел-іздестіру шаралар кешені жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан