Android құрастырушысы Google-дан кетті

Android құрастырушысы Google-дан кетті

Android жобасының негізін қалаушы Энди Рубин Google компаниясынан біржола кетті. The Wall Street Journal ғаламтордағы ақпараттар желісінің хабарлауынша, Рубин алдағы уақытта жеке өзінің компаниясын ашып, жаңа технологиялық инновацияға толы стартаптарды қаржыландырумен айналысуды жоспарлап отыр. Google компаниясындағы Andriod қызметін басқарып келген Эндидің орнына сол бөлімнің қызметкері, Карнеги Университетінің профессоры Джеймс Каффнер тағайындалыпты.

Энди Рубиннің жұмыстан кетуіне байланысты мәлімдемені Google компаниясының атқарушы директоры Ларри Пейдж берді.

«Эндидің алдағы жоспарларында сәтті бастаулардың болуын айтқымыз келеді. Ол Andriod оперативті жүйесін құрастыру арқылы, Жердің бір миллиардтан астам тұрғынын қуанта алды. Рақмет саған, Энди», - дейді Ларри.

Естеріңізге сала кетсек, Рубин алып ғаламтор компаниясына 2005 жылы қосылған болатын. Сол кезде, Google оның Android Inc. стартап бизнесін сатып алады. Жаңа жоба ретінде тіркелген Эндидің идеясы кейіннен әлемдегі көшбасшы платформа деңгейіне көтеріліп, Google-дің негізгі табыс көзіне айналды. Рубин Android жобасына дейін Sidekick телефондарын жасап шығарған Danger компаниясында жұмыс істеген. Одан бөлек, Энди Apple, General Magic және соңынан Microsoft компаниясы еншілеп алған WebTV жобасымен айналысқан.

Расында, оның Google-дан кетуі таңданатын жаңалық емес еді. Ағымдағы жылдың көктемінде ол Android құрастырушыларының тобынан кетіп, жаңа жоба бастауға әрекеттеніп жүргені туралы ақпарат жарияланып жатты. New York Times ақпаратына орай, Рубин соңғы кездері Google X жобаларынан бөлек робот технологиясымен айналысып келіпті.

 Сурет: droider.ru

Ж. Өрісбай