Таиланд королі Маха Вачиралонгкорн (Рама X) мен патшайым Сутхида 16 жастағы гитарист, рок әншісі Нене Ройалды арнайы қабылдады. Ол америкалық America’s Got Talent шоуында жеңіске жеткен алғашқы тайлық атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Channel 8 News Thailand телеарнасына сілтеме жасап.
Амфорн Сатан резиденциясында өткен салтанатты қабылдауға Пхукет аралының тумасы ата-анасы және отбасы мүшелерімен бірге келді. Король мен патшайым өнерпазды халықаралық байқаудағы жеңісімен жеке құттықтап, оның еңбекқорлығын, ерекше талантын және Таиланд мәдениетін әлемге танытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
16 жастағы гитарашы America’s Got Talent шоуын қалай бағындырды?
America’s Got Talent (AGT) шоуы America’s Got Talent (AGT) - әлемдегі ең танымал әрі беделді телевизиялық таланттар байқауының бірі. Оған бүкіл әлемнен түрлі жанрдағы орындаушылар қатысады, ал жеңімпазды миллиондаған көрермен ашық дауыс беру арқылы анықтайды.Байқауда топ жарған өнерпаз әлемге танылып, 1 миллион доллар көлеміндегі бас жүлдеге ие болады.
Жобаның 21-маусымында 16 жастағы Нене Ройал көпшілікті таңғалдырды. Ол алғашында Пхукеттегі Нака түнгі базарында өнер көрсетіп жүрген видеолары арқылы танылған. Әлеуметтік желіде кеңінен тараған бұл бейнежазбалардан кейін жас әнші АҚШ-тағы іріктеуге арнайы шақырту алды.
Іріктеу кезеңінде Нене The Cranberries тобының әйгілі Zombie әнін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді. Оның өнер көрсеткен видеосы алғашқы 48 сағаттың ішінде әлеуметтік желілерде 100 миллионнан астам қаралым жинады.
Байқаудың келесі кезеңдерінде ол Muse және Soundgarden топтарының танымал әндерін орындап, көрермендер мен қазылар алқасын тәнті етті. Ал финалда Seven Nation Army әнін шырқап, ерекше өнер көрсетті. Тіпті аты аңызға айналған Linkin Park рок-тобымен бір сахнаға шықты.
Нәтижесінде Нене Ройал бас жүлдені жеңіп алып қана қоймай, America’s Got Talent жобасының тарихында жеңіске жеткен алғашқы Таиланд өкілі атанды.
Рок жұлдызының жетістігі бүкіл Таиланд халқының назарын аударды. Бұған дейін оны елдің премьер-министрі де арнайы қабылдаған. Ал Туризм және спорт министрлігі Ненені Таиланд туризмін насихаттайтын ресми елші етіп тағайындауды ұсынды.
Таиландта жұрт корольдің алдында неге тізерлейді?
16 жастағы рок әншісі мен оның отбасы мүшелерінің король мен патшайымның алдында тізерлеп еденде отырған сәті әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Алайда Таиландта бұл – ғасырлар бойы сақталып келе жатқан сарай әдебінің бір бөлігі.
Дереккөз: t.me/Thailand_Real
Дереккөз: t.me/Thailand_Real
Дереккөз: t.me/Thailand_Real
Таиланд мәдениетінде корольге ерекше құрмет көрсету дәстүрі қалыптасқан. Сарай әдебіне сәйкес, ешкімнің басы монархтың басынан жоғары немесе онымен бір деңгейде болмауы тиіс. Сондықтан король орындықта отырған кезде қабылдауға келген адамдар еденге жайғасады.
Бұл рәсім король отбасының мүшелерінен бастап премьер-министрлер мен генералдарға, әлемге әйгілі өнер жұлдыздарына, спортшылар мен халықаралық байқаулардың жеңімпаздарына дейін қолданылады.
Таиландта мұндай әрекет қорлау немесе кемсіту емес, корольге деген құрметтің және ежелден келе жатқан сарай дәстүрінің көрінісі саналады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz