Amazon құлақтың көмегімен смартфонды блоктан шығаруды ұсынады

Amazon құлақтың көмегімен смартфонды блоктан шығаруды ұсынады
Фото: siliconrus.com

Онлайн саудамен айналысатын белгілі Amazon компаниясы құлақтың көмегімен гаджетті блоктан алу (Ear recognition as device input) идеясын алға тартады. Бұл туралы сауда маркалары мен патенттерді бақылайтын АҚШ басқармасы (USPTO) ресми хабарлады.

Әзірге жат көрінетін идея болашақта смартфон тұтынушыларының жаңа қауіпсіздік жүйесіне айналуы мүмкін. Бейресми ақпаратқа орай, мобильді құрылғыны блоктан алу үшін құлақтың пішіні, көлемі мен жеке ерекшеліктері қолданылуы мүмкін. Ал патентті иеленушілердің айтуынша, құлақ бармақ ізі сынды жеке адамның ақпаратына ие бола алады екен.

Ол үшін тұтынушы құлағын смартфонның алдыңғы камерасына жақындатуы тиіс болады. Содан кейін экранға шығатын құлақтың «сандық портреті» смартфонның нағыз иесін көрсетеді.

Жаңа қауіпсіздік жүйесінің тәжірибе жүзінде қалай болатыны әзірге белгісіз. Себебі аппаратты блоктан алу үшін оны құлақтың алдына алып бару керек. Ал бармақ ізімен ашу көп әрекетті де қажет етпейді.

Джефф Безос төрелік ететін Amazon компаниясы бұл идеяны әзірге патенттеп алды. Ал оның жүзеге асу мүмкіндігін алдағы уақытта білетін боламыз.

Ж. Өрісбай