Алматы мәслихатының депутаты Анна Башинскаяның Facebook-тегі пікірі дау тудырды. Бұл дауға қатысты Amanat партиясы Алматы филиалының төрағасы Станислав Канкуров пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийдің Deutsche Welle-дегі мәлімдемесіне "Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасауға" ұсыныс білдірген пікір қалдырды. Кейін депутат парақшасында ойланбай жасаған әрекеті үшін кешірім сұрады.
"Бауырлас түрік халқынан кешірім сұраймын! Украина мен Ресей халықтарына тек тыныштық тілеймін. Кешіріңдер, бұл - менің қателігім. Бұл жағдайға пікір білдіруге құқығым жоқ, менің өз елім бар, мен депутат ретінде ең алдымен оның әл-ауқатын ойлауым керек. Қазақстандықтар мен партияластарымнан кешірім сұраймын", - деп жазды ол.
Amanat партиясы Алматы филиалының төрағасы Станислав Канкуровтың айтуынша, партия бұл мәселені бейжай қалдырмайды.
"Қадірлі әлеумет! Башинскаяның бұл пікірі партияның көзқарасын білдірмейді. Amanat партиясы өзге елдердің саясатына араласпайды. Башинская абайсызда қателікпен жазған пікірі үшін өз тарапынан кешірім сұрады. Дегенмен айтылған сөздің ауыртпалығы мен оның саяси астарын ескере отырып, бұл мәселені партия бейжай қалдырмайды. Мәселені тез арада партияның тиіс құрылымдарында қарастыратын боламыз. Әрбір жергілікті мәслихат депутаты өзі тұрып жатқан мемлекеттің мүддесін басты орынға қоюға тиіс", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!