“Altel, Tele2, Beeline тарифті бір уақытта қымбаттатуы күмән тудырады“. Депутат Мәжілісте өткір пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ұялы байланыс операторларының тарифі қымбаттап кеткенін сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол премьер-министр Олжас Бектеновке, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа депутаттық сауал жолдады.

"Еліміздегі телеоператорлардың кейінгі кездегі қадамы ел құлағында жатталып қалған "Самарқанда бір апам бар, бұдан да өткен сорақы" дейтін көне тәмсілді еріксіз еске түсіреді. Таяуда Қазақстанның ұялы телефон операторлары - Altel, Tele2 және Beeline ұялы телефонның абонент төлемін 20 пайызға өсіретінін мәлімдеді. Яғни осы операторлар интернеттің де тарифін 20 пайызға өсіреді деген сөз. Сөз емес, солай ашық мәлімдеді", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, елдегі телоператорлардың бұл қадамы - миллиондаған азаматтың қалтасына салмақ салатын шешім.

"Бүгінде телефон мен интернет - халықтың ақпаратқа қолы жеткізуі, жұмыспен қамтылуы, кәсіп жүргізуі, мемлекетпен байланыс орнатуы үшін ең маңызды құрал. Яғни тарифтің көтерілуі қарапайым отбасылардың бюджетіне ғана емес, олардың өмір сүру сапасына қол сұғу деп бағалауға тура келеді. Бұл қадам біздің халқымыздың әлеуметтік топтарының қалтасына "қырғидай тиетіні" анық. Қазақстан халқының барлығы дерлік ұялы телефон пайдаланады", - дейді ол.

Жанарбек Әшімжанов жұрттан мынадай шағым түсіп жатқанын жеткізді: "Күнкөріс қиындап тұрғанда, неге байланыс та қымбаттауға тиіс?", "Неге баға бір мезетте көтерілді?".

"Ең қызығы, үш ірі оператор тарифті бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудырып отыр. Бұл компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе? "Байтал түгіл бас қайғы" дегендей, осындай қадамдардан кейін "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасын ойлаудың өзі мұң болып қалды... Бұл жағдай қарапайым тұтынушылардың құқығын таптау деп есептейміз. Себебі баға өседі, бірақ нарықта балама оператор жоқ, яғни тұтынушы таңдау мүмкіндігінен айырылады. Абоненттер бажсыз (жай ғана бағаны келісіп көтеру арқылы) жоғары ақы төлеуге міндеттеледі", - деді ол.

Депутат мынадай статистика келтірді: "2023 жылдан бері байланыс тарифі 7-57 пайыз аралығында қымбаттаған, Қазақстанда 26,3 миллион мобильді жазылым бар, бұл халық санынан да көп, 18,8 миллион азамат мобильді интернетке тәуелді".

Сондықтан Жанарбек Әшімжанов бұл мәселені жан-жақты тексеру қажет екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін халық тариф қымбаттап кеткеніне наразы екені хабарланды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!