“Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз“ - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобадан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

"Өздеріңіз де білесіздер, жаңа қала салу туралы шешім экономикамызда күрделі жағдай болған кезде қабылданды. Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз. Alatau city жобасы жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады. Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қала сәтті жобалар екені баршаға мәлім.   Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет. Осы бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беруіміз керек", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, арнаулы құқықтық режим құру міндетін толыққанды іске асыру маңызды.

"Біз Конституциялық заң арқылы қаланы қарқынды дамыту үшін мықты құқықтық негіз қаладық. Бірақ "арнаулы құқықтық режим бар, енді міндетті түрде табысқа жетеміз" деп ойлау қате болар еді.   Өйткені дәл осындай режим енгізілген экономикалық аймақтардың талай рет іс жүзінде нақты нәтиже бермегені белгілі. Сапалы институттар, ашық әрі тұрақты ережелер, дербес реттеу тетіктері болған жоқ. Соның салдарынан көптеген жоба ойдағыдай жүзеге асырылмай қалды. Бұдан тиісті сабақ алып, дұрыс қорытынды шығару қажет. Арнаулы режим тиімді жұмыс істеуі үшін біртұтас заңнама жүйесі қажет. Қаланың іскерлік белсенділігіне және күнделікті тіршілігіне қатысты мәселелерді реттейтін ашық, айқын әрі сапалы құқықтық негіз болуға тиіс. Бұл жұмысты екі деңгейде атқару қажет. Біріншісі – негізгі қағидаларды белгілейтін конституциялық деңгей. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Ал екіншісі – құқықтық реттеу деңгейі, яғни экономикалық қызметтің әр саласы бойынша нақты заңнамалық тетіктер айқындалады", - деді Мемлекет басшысы.  

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!