Алатау қаласында ұшатын такси мен жеткізуші дрондардың алғашқы үлгілері таныстырылды. Tengri Life тілшілері таныстырылымға қатысып, бұл көліктер жолаушыларды, тағамдар мен басқа да тауарларды қашан тасымалдай бастайтынын біліп қайтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
5 жолаушы және сағатына 200 шақырым
Таныстырылымда қытайлық AutoFlight компаниясының eVTOL (electric Vertical Takeoff and Landing) көлігі, яғни тік ұшып-қонатын электр аэротаксиі әуеге көтерілді.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Қонақтарға бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity моделі көрсетілді.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Аэротакси сағатына 200 шақырымға дейінгі жылдамдықты еңсере алады. Құрылғы 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған және CO₂ қалдығын шығармайды.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Танысытырылымда аэротакси жолаушыларсыз ұшты. Мұндай шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданған. Құрылғы қашықтан басқарылған: ұшқыш жерде болып, ұшу барысын ұшу алаңы маңындағы кабинадан бақылап отырған.
Аппарат ауада 10 минуттай болып, "сегіздік" фигурасын жасап, бастапқы нүктесіне оралған.
Ұйымдастырушылар ұсынған видео
Аэротакси туралы не білу керек?
AutoFlight компаниясының бірінші вице-президенті Келлен Ши (Kellen Xie) жобаның техникалық мүмкіндігі туралы айтып берді. Оның сөзінше, әзірлеушілер ұшу аппаратының үш моделін жасаған:
- жүк тасушы;
- өртсөндіруші;
- жолаушыларға арналған.
Жүк тасушы және өртсөндіруші нұсқалары толық автономды түрде, адамның қатысынсыз жұмыс істейді.
Келлен Ши (Kellen Xie) / © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Аппарат бір зарядпен шамамен 1 сағат 10 минут ұшып, 250 шақырымға дейінгі қашықты еңсере алады. Ұшудың ең жоғары биіктігі - шамамен 3 000 метр, ал көтере алатын ең жоғары салмағы 450 келіге дейін жетеді", - деді AutoFlight вице-президенті.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Топ-менеджер болашақ жолаушылар моделі суперчарджерлер жүйесімен жабдықталатынын айтты. Осының арқасында аккумулятор небәрі 45-50 минут ішінде нөлден 100 пайызға дейін қуат алады.
"Аппараттың қанат жаюы 15 метрге жетеді, сондықтан ұшып-қону үшін диаметрі 30 метрдей алаң жеткілікті, құрылғы тік ұшып, тік қонады", - деп толықтырды ол.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd (AAAG) компаниясы осындай 50 аппаратты сатып алу туралы меморандумға қол қойған. Компания инфрақұрылымды дамытуды, қызмет көрсетуді және персоналды оқытуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Қазақстанда аэротакси қашан іске қосылады және ол қайда ұшады?
Таныстырылымда журналистерді қызықтырған басты сауал: мұндай аппараттар Қазақстанда жолаушыларды қашан тасымалдай бастайды? AAAG жоба менеджері Данияр Өтеулин оның мерзімі аппараттарды сертификаттауға және инфрақұрылымды дайындауға байланысты екенін айтты.
Оның сөзінше, алғашқы коммерциялық рейстер 2029 жылға қарай басталуы мүмкін.
"Бұл тек Алатау қаласы әкімшілігіне емес, осы аппараттарды сертификаттауға да байланысты. Бұл - қауіпсіздік пен тиімділікті сертификаттау. Сертификаттаудан өткен соң, 2028 жылдың соңы, 2029 жылдың басында алғашқы тестілік коммерциялық операцияларды іске қосуды жоспарлап отырмыз", – деді ол.
Данияр Өтеулин / © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Тағы бір қызық жайт - ұшу маршруттары. Данияр Өтеулин қазір бұл мәселе Қазаэронавигация, Қорғаныс министрлігі, басқа да тиісті ведомстволармен талқыланып жатқанын мәлімдеді.
"Қала тұрғындары мен жолаушылар үшін барынша қауіпсіз бағыттар анықталады. Бұл бір сәттік процесс емес, ол біраз уақыт алады. Барлық мүдделі мемлекеттік органмен бірге осындай маршруттар әзірлеп, кейін оларды енгіземіз", – деді ол.
Аэротаксилер қайда қонады?
Ұшу аппараттары ұшып-қонуы үшін вертипорттар деп аталатын қуаттау инфрақұрылымы мен навигациялық жүйелері бар жерүсті алаңдары қолданылады.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай алаңдарды қалалық ортаға, ғимараттардың шатырларына, көлік тораптарына және бизнес кластерлерге біріктіруге болады. Вертипорттарды жобалаумен UrbanV халықаралық компаниясы айналысады.
Вертипорт макеті / суретті ұйымдастырушылар ұсынған
Кеше осындай вертипорттардың бірі көрсетілді. AAAG өкілі алаң әлі толық аяқталмағанын айтты: мұнда терминал, яғни жолаушылар рейсті күтетін аймақ жетіспейді. Оны бөлек салу жоспарланып отыр.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Данияр Өтеулиннің айтуынша, Алатаудың өзінде төрт вертипорт орналастыру жоспарланып отыр.
"Алатау қаласында төрт вертипорт салуды жоспарлап отырмыз. Қазір сіздер ең алғашқы вертипорт бой көтеретін Golden ауданында тұрсыздар. Бұдан бөлек, Алматы халықаралық әуежайымен келіссөздер жүргізіп, Алматыда вертипорт және қала ішінде бірнеше нүкте ашуды көздеп отырмыз. Қазір олардың нақты орналасуына қатысты талқылау жүргізіліп жатыр", – деп түсіндірді ол.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Данияр Өтеулин вертипорттардың құрылыс мерзімі қаланың дамуына байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, Алматы әуежайы маңындағы алаң басымдыққа ие, алайда алдымен ұшу аппараттарының сертификаттау процесін аяқтау қажет.
Сондай-ақ, ұшу жылдам болады. Мысалы Алматы әуежайынан Алатауға дейінгі жол аэротаксимен шамамен 10 минутты алады.
Мұндай таксилердің бағасы қанша және жобаны кім қаржыландырады?
AutoFlight өкілі Келлен Ши Қытайда мұндай аппараттар қолданылып жатқанын, бірақ әзірге тек логистика мақсатында екенін мәлімдеді. Әлемде әзірге толыққанды коммерциялық жолаушылар рейстері жоқ.
Ол құпия екенін айтып, ұшу аппаратының нақты құнын ашпады, бірақ болашақта мұндай аппараттар шамамен премиум кластағы көліктермен бірдей бағада болуы мүмкін екенін жеткізді.
"Қазір әлемде мұндай типтегі аппараттар үшін коммерциялық жолаушылар рейстері жоқ. Бұл - жаңа технология. Бірақ болашаққа болжам жасасақ, шамамен 5-10 жылдан кейін бағасы люкс класындағы көліктердің құнынан сәл ғана жоғары болады", - деп түйіндеді AutoFlight аға вице-президенті.
Ұйымдастырушылар ұсынған сурет
Сонымен қатар, AAAG өкілі Данияр Өтеулин жоба толық жеке қаражат есебінен қаржыландырылатынын, ал мемлекет реттеу шараларына көмектесетінін мәлімдеді.
Таныстырылым барысында қонақтар мен журналистер алдында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те сөз сөйледі. Ол жобаға тартылатын жеке инвестиция көлемі шамамен 250 миллион долларға жуық екенін айтты.
"Бүгінде еліміз жаһандық технологиялық өзгерістерді сырттай бақылап қана қоймай, олардың белсенді бөлшегіне айналып, болашақты өз бетінше қалыптастыра бастады", – деді аймақ басшысы.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев / © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Дронмен тағам жеткізу
Аэротаксилер алғаш 2029 жылға қарай ұшырылады деп жоспарланып отыр, ал дронмен жеткізу қызметі Қазақстан азаматтарына жақын арада қолжетімді болуы мүмкін.
Аэротаксидің таныстырылымынан кейін қонақтарға ұшқышсыз жеткізу жүйелерінің жұмысы көрсетілді. Жобада Keeta Drone (Қытай) және A2Z (АҚШ) компанияларының технологиялары қолданылған.
UATM цифрлық навигациялық платформасын Korea Airports Corporation және Shenzhen Urban Transportation Planning Center әзірлеген.
Keeta Drone өкілдері қонақтарға көшедегі постаматтарға ұқсайтын терминалды көрсетті.
Жұмыс принципі қарапайым: қолданушы қосымша арқылы тамаққа немесе басқа тауарларға тапсырыс береді, ал дрон оларды терминалға әкеледі, сол жерден адам тапсырысын өзі алып кетеді.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Айта кетейік, шарада Alatau City Bank акционері және AAAG серіктесі Вячеслав Ким дронмен жеткізу жүйесі арқылы кофеге тапсырыс берген.
Вячеслав Ким дронмен жеткізу қызметі арқылы кофеге тапсырыс беріп жатыр / Суретті ұйымдастырушылар ұсынған
Суретті ұйымдастырушылар ұсынған
Вячеслав Ким жобаның маңызы мен жаңа құқықтық режим туралы айтты.
"2024 жылы 8 мамырда Мемлекет басшысы "Алатау қаласының ерекше құқықтық режимі туралы" конституциялық заңға қол қойды. Бұл - бұған дейін атқарылған барлық жұмыс сәтті болғанын айғақтайтын және әлемдік экономиканың болашағын айқындайтын, жоғары технологиялық бағытты іске асыруға негіз болатын маңызды кезең. Мемлекет басшысының стратегиялық бағдары аясында Қазақстанның әлемдегі жетекші технологиялық державалардың бірі ретінде қалыптасуына тікелей атсалысу - мен және менің командам үшін үлкен мәртебе", – деді Вячеслав Ким.
Ол мемлекеттің қолдауының арқасында UAM Center Eurasia қалалық әуе мобильділігі орталығын құруға және халықаралық технологиялық серіктестерді тартуға мүмкіндік туғанын айтты.
Сонымен қатар, америкалық A2Z компаниясы тағы бір форматты, яғни постаматсыз, тікелей клиенттің қолына жеткізу жүйесін таныстырды.
© Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Суретті ұйымдастырушылар ұсынған
Данияр Өтеулиннің айтуынша, жүйе дрондардың жұмыс радиусын кеңейтетін және оларды қуаттауға көмектесетін діңгектерді пайдаланады.
"Мысалы кәдімгі дронның радиусы 20 шақырымға жуық болса, мұндай діңгектер оны ұзартып, тиеу және түсіру нүктелерін белгілейді, сонымен қатар, дрондарды қуаттауға көмектеседі. Бұл жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа инфрақұрылым қалыптастырады", – деді ол.
Данияр Өтеулин AAAG компаниясы Қазақстандағы ірі сауда желілерінің бірімен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Қазақстандағы ең ірі сауда желілерінің бірімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, олар пилоттық жоба аясында жеткізу мүмкіндігін байыппен қарастырып жатыр. Жұмысты биыл бастаймыз деген үміттеміз", – деді ол.
Көлік министрлігі не дейді?
19 мамырда көлік министрі Нұрлан Сауранбаев журналистерге Алатауда аэротакси сынақтан өткізілгенін хабарлаған болатын. Ұшу аппаратының видеосы желіде тарап кеткен еді.
Журналистер "қарапайым азаматтардың әуе таксиімен жүруге жағдайы жете ме?" деп сұрады. Нұрлан Сауранбаев бұл әлемдік нарық үшін жаңа өнім екенін, сондықтан жол ақысының нақты құнын әзірге ешкім айта алмайтынын мәлімдеді.
"Бұл - әлемдегі жаңа өнім, қазір ол сынақ режимінен өткізіліп жатыр. Сондықтан қазір ешкім есептеп бере алмайтыны түсінікті. Әзірге бақылаймыз. Сынақтан өткізіледі. Қазір осы аппараттар сатып алынып жатыр", – деді ол.
Аэротакси туралы алғаш рет қашан айтыла бастады?
Аэротаксиді іске қосу туралы бастама 2024 жылы айтыла бастаған еді. Сол кезде Үкімет отырысында Алатау қаласын дамыту жоспары талқыланған болатын. Қатысушылар Алатау мен Алматыны байланыстыруы қажет Urban Air Mobility әуе көлігін енгізу мәселесін қарастырды.
2026 жылы 20 наурызда премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев америкалық Joby Aviation және қытайлық AutoFlight компанияларымен арадағы келісімдер туралы хабарлады. Ол Қазақстан бірнеше дрон сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.
Оның сөзінше, аэротакси жолаушыларды Алматы әуежайынан Медеуге дейін 10 минутта жеткізе алады. Қанат Бозымбаев сынақ жұмыстары алдағы 2-3 жылда жүргізілетінін де айтты. Жолаушылар ағыны жылына сегіз миллион адамға бағаланған болатын.
Неге Алатау таңдалды?
Алатау қаласы 2024 жылы Жетіген ауылының негізінде құрылды. Үкімет оның бас жоспарын бекітті. Іле және Талғар аудандарының, сондай-ақ, Қонаев қаласының шекарасы өзгертіліп, аумақтың бір бөлігі жаңа қаланың құрамына енді.
Алатау инвестиция мен іскерлік белсенділіктің жаңа орталығы болады деп жоспарланып отыр. Ірі халықаралық компаниялармен келісімдер де жасалды. Олардың бірі Шэньчжэнь технополисін дамытуға қатысқан, ал енді Alatau City жобасымен жұмыс істейді. 2025 жылы қыркүйекте Алатау ерекше мәртебеге ие болған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова